Наурызнама онкүндігі аясында, еліміздің барлық өңірінде «Тазару күні» атап өтілді. Дәл осы күні Өскеменде «Таза бұлақ» акциясы өтті.
Шешек асуында жиналғандар аумақты тазартып, қоқыстарды жинап, жағалауды бекітті. Жаңа ағаштар отырғызуға жер дайындады. Облыс орталығының жастары да белсенділік танытты.
Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов та акцияға атсалысты. Аймақ басшысы өз сөзінде бұлақтар мен арықтарды тазалау – өңірді абаттандыруға бағытталған ауқымды жоспардың бір бөлігі ғана екенін атап өтті. Облыс аумағында осы бағыттағы жұмыстар әлі де жалғасады.
Нұрымбет Сақтағанов, Шығыс Қазақстан облысының әкімі:
«Таза бұлақ» акциясы аясында біз бұлақтардың көзін аша отырып, ағаштарды еге отырып, каналдарлды, арықтарды өзен бойларын тазарта отырып, жастарды, балаларды, өскелең ұрпақты тазалыққа шақыруға, елін, жерін сүюге патриоттық тәлім-тәрбие беруде үлкен осы іс-шараның маңыздылығын ерекше атап өткім келеді.
Ұлан ауданында Бестерек пен Сағыр ауылдарының арасындағы Ұранқай өзенінің маңында да жұмыс қызу. Мемлекеттік қызметкерлер, қоғам белсенділері және жергілікті тұрғындар Бүркітбастау бұлағын қоқыстан тазартты.
Бауыржан Биғалиев, Ұлан ауданы Жастар ресурстық орталығының директоры:
Біз шамамен 50 қап қоқыс жинадық, сондай-ақ аудан тұрғындары түгел пайдаланатын бұлақты ретке келтірдік.
Бұдан бөлек сенбілік Жамбыл атындағы саябақта өтті. Акцияға мемлекеттік мекемелердің қызметкерлері, түрлі ұйымдардың өкілдері, еріктілер мен жастар қатысты. Барлығы бірге саябақ аумағын қардан тазартып, мұзды ойып, қоқыс жинады.
Болатбек Мамарбаев, Өскемен қаласы әкімінің орынбасары:
Қаламыздың орталық саябақтарының бірі Жамбыл Жабаев аытндағы саябақта 300 жуық адам бас қосып, Таза Қазақстан акциясына қатысты. Таза Қазақстан акциясын жүзеге асыру бойынша тиісті жұмыс жоспары бекітілген. Сол жоспарға сәйкес алдағы уақытта тазалық жұмыстары жалғасатын болады.
Ернар Дүмшебаев, волонтер:
Осы сияқты іс-шаралар ұйымдастыру маңызды. Өйткені, өзіміздің жерімізді, елімізді тазалау керекпіз. Дамытуымыз керек.Біз тазалық жүргізбесек, ешкім жүргізбейді. Ол біз үшін керек. Және болашақ ұрппаққа керек.
Сондай-ақ облыс әкімі Нұрымбет Сақтағановтың төрағалығымен облыс әкімдігінде «Таза Қазақстан» акциясын жүзеге асыруға арналған жиын өтті. Өңірде 2024–2029 жылдар аралығында 450 мыңнан астам көшет егу жоспарланған тұжырымдама бекітілді. Бүгінде 249 мыңға жуық ағаш отырғызылды, ал биыл тағы 111 мыңнан астам көшет егу жоспарда бар. Облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов «Таза Қазақстан» жобасы қалалар мен аудандардағы экологиялық жағдайды жақсартуда маңызды рөл атқаратынын атап өтті.
Салтанат Кеңесбекқызы