Риддерде «Наурыз аруы – 2026» байқауы ұйымдастырылды. Сахна төріне 17 мен 25 жас аралығындағы арулар шықты. Қатысушылар сұлулық пен сымбаттылықты ғана емес, ұлттық дәстүрге деген құрметтерін де көрсетті.
Дәстүрлі көктемгі байқау Риддер қалалық Мәдениет сарайында өтті. Биыл сахнаға әртүрлі салада еңбек етіп жүрген жеті қатысушы шықты. Әрқайсысы шығармашылық нөмірлер арқылы өз ерекшелігін танытты.
Әсем Ағажаева, Қазылар алқасының мүшесі:
Бұл байқау бірнеше жыл қатарынан дәстүрлі түрде өткізіліп келеді. Бүгінгі байқауға түрлі бағытта жұмыс атқаратын жан-жақты, еңбекқор арулар қатысып жатыр. Бұл шара арқылы риддерліктердің қоғамдық, мәдени өмірге белсенді араласатынын көруге болады.
Байқаудың мақсаты – қазақ халқының ұлттық дәстүрі мен мәдениетін насихаттау. Сонымен қатар, қатысушылардың шығармашылық қабілетін дамыту әрі халық мұрасына құрмет қалыптастыру.
Светлана Морозова, Риддер қ. Достық үйінің әдіскері:
Байқаудағы алғашқы кезең – өзін таныстыру. Екінші кезең, яғни сайыстағы маңызды талаптардың бірі –қайта өңделетін материалдардан киім үлгісін дайындау. Қатысушылар сол киімдерімен дефиле көрсетті. Ал, үшінші – шығармашылық кезең. Қатысушылар ән айтып, би билеп, өлең оқыды.
Барлық қатысушы жоғары дайындық деңгейін көрсетіп, ұлттық салт-дәстүр мен әдет-ғұрыпты жақсы меңгергенін дәлелдеді. Байқау қорытындысы бойынша бас жүлдені Еркеназ Абдурахманова жеңіп алды. Ол колледж студенті. Болашақ электрик мамандығында білім алуда. Байқауға дайындық барысында оған жақындары мен достары қолдау білдірген.
Еркеназ Абдурахманова, Байқау жеңімпазы:
Мен екі күннің ішінде көйлек тіктім. Образдың бәрін ойластырдым. Восточный киімдердің барлығын өз қолыммен тіктім. Тағы бір киім жилетканы оюмен қаптадым. Қозы және қарлығаштың оюымен. Қолмен бәрін істедім, идеясы барлығы өзімдікі. Ал, көрініст салт-дәстүр көрсеттім. Бешмармақ, наурыз көже, чак-чак, бауырсақ соның бәрін апардым.
Бұдан бөлек, байқауға қатысқаны үшін Альбина Ахтямова, Анна Кондратьева, Арайлым Әбділсерікова арнайы дипломдармен марапатталды. Үшінші орынды Екатерина Горбатова, екінші орынды Марина Черепахина, ал бірінші орынды Ақбота Жексенова иеленді.
Фатима Тілейханқызы