Облыстың түкпір-түкпірінен жиналған ауыл оқушылары білім бәйгесінде бақ сынады. С. Аманжолов атындағы ШҚУ-де IQanat олимпиадасының екінші кезеңі ұйымдастырылды. Дарынды балаларға үлкен мүмкіндік беретін сайысқа 300-ден астам ауыл оқушысы қатысты.

Олимпиада ҚР Оқу-ағарту министрлігі қолдауымен ұйымдастырылды. Жобаның мақсаты – ауыл оқушыларына сапалы білімге қолжетімділікті арттыру және олардың әлеуетін ашу. Бұл кезеңде қатысушылар тест тапсырмаларын орындап, логикалық және академиялық қабілеттерін көрсетеді. Нәтижесінде ел бойынша ең үздік 1000 оқушы финалға жолдама алады. Жалпы, бұл кезеңге республика бойынша 10 мыңнан астам сегізінші сынып оқушысы іріктелген. Олардың басым бөлігі – әлеуметтік осал топтағы отбасылардан шыққан балалар.

Мұхтар Төлеген, С.Аманжолов атындағы ШҚУ ректоры:

Химия, билогия, география, физика, математика, тарих пәндері бойынша сайысқа түсіп отыр. Мен ойлаймын, жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар ең ішіндегі мықтысы жеңсін деп ойлаймын.Жоба мақсаты да сол ауыл балаларын қолдау. Әлеуметтік осал топтағы бүлдіршіндерімізге біздің университет С.Аманжолов атындағы ШҚУ атынан гранттар бар. Ғылыми кеңестің шешімімен осындай гранттар тағайындаймыз. Оларды біз қолдаймыз.

Бағдарлама түлектері бүгінде «Nazarbayev University», «University of Chicago» сияқты беделді оқу орындарында грант негізінде білім алып жүр. Ал, Айзере Дарханқызы - IQanat High School of Burabay оқушысы. Ол ауылдан шығып, үлкен мүмкіндіктерге жол ашқан талапты жастардың бірі.

Айзере Дарханқызы, IQanat High School of Burabay оқушысы:

2025 жылы финалға жетіп, грант иегері атанып, одан әрі топ 40 грантына өткен едім. Өзім Тарбағатай ауданы, Ақжар ауылында мектеп оқушысы болғанмын. Дәл осы балалар сияқты турдан өтіп, финалға жетіп, грантты Айдын Рахимбаев өзіміздің қамқоршы қолыма берген еді. Өзім IQanat – қа мың алғыс айтамын. Себебі, мен өзім аядай ғана ауылда өмір сүріп, бір таңда ғана деп айтсақ болады, еңбекпен грантты алып шықтым. Жалпы, бұл менің арманым еді.

Жеңімпаздар үшін ең басты мүмкіндік –үш жылдық тегін дайындық бағдарламасы. Осы уақыт ішінде олар Қазақстан мен шетелдің жетекші университеттеріне түсуге дайындалады.

Эльвира Еркінбекова, «IQ білім қоры» қоғамдық қорының облыстық үйлестірушісі:

Қазіргі уақытта балалар тест тапсырады. Сол тесттен өткеннен кейін Алматы қаласына барады. Одан өткен бала сосын Iqanat мектебіне грант жеңіп алады. Қалған балаларды 11 сыныпқа дейін жетектейміз. Яғни, Iqanat Қоғамдық Қоры балаларға арналған арнайы ҰБТ ға дайындалатын платформасы бар. Ол жерде біздің мықты мамандар балаларды 11 сыныпқа дайындайды. 10-11 сыныпта Бурабадағы қыс, көктемдік лагерьден өтеді.

IQanat олимпиадасы ауыл балалары үшін үлкен мүмкіндік. Мамандардың айтуынша, оқушылардың қабілетін ерте анықтап, жан-жақты қолдау көрсету – басты міндет.

Хабиба Шаймардан, жарысқа қатысушы:

Менің осы жерге келген мақсатым – екінші, үшінші кезеңнен өтіп, Iqanat мектебіне оқуға түсу. Өзіме сенімдімін. Сол мектепке түсіп, ата-анамның, сынып жетекші, директорлардың үмітін ақтау.

Бұл іріктеу кезеңі — үлкен жолдың бастауы. Себебі, дәл осы жерден таңдалған оқушылар алдағы үш жыл бойы тегін білім алады. IQanat олимпиадасының келесі кезеңдері елдің өзге өңірлерінде жалғасады.

Фатима Тілейханқызы