Мемлекеттік рәміздер – елдігіміздің еңсесін көтеріп, ұлт рухын асқақтататын қасиетті нышандар. Осы айтулы датаға орай Өскеменде салтанатты шара ұйымдастырылып, көк байраққа құрмет көрсетілді. Ел игілігі жолында еңбек етіп жүрген азаматтар марапатталып, жас мемлекеттік қызметшілер ант қабылдады.

Айтулы шараға облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов қатысып, жиналған қауымды мерекемен құттықтады. Өңір басшысы мемлекеттік рәміздердің ел бірлігі мен тәуелсіздіктің айшықты белгісі екенін атап өтті.

Нұрымбет Сақтағанов, Шығыс Қазақстан облысының әкімі:

Мемлекеттік ту, ел таңба, әнұран халқымыздың сан ғасырлық тарихын, асқақ рухы мен жарқын болашаққа деген сенімін білдіретін қасиетті біздің құндылықтарымыз. Олар әр қазақстандықтың жүрегінде отанға деген мақтаныш сезімін оятып, Ел игілігі жолында адал қызмет етуге үндейді.

Салтанатты рәсім барысында мемлекеттік қызмет қатарына жаңадан қабылданған мамандарға қызметтік куәліктер табысталып, ант беру рәсімі өткізілді. Шарада мемлекеттік қызметші антын алты жас маман қабылдады.

Ержан Айқымбеков, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің ШҚО бойынша департаментінің басшысы:

Мемлекеттік рәміздер күніне орай алғашқы мемлекеттік қызметке кірген жас мемлекеттік қызметкерлердің ант қабылдау рәсімі өткізілді. Ол әр мемлекетші үшін өте маңызды шара.

Мереке аясында өңірдің дамуына үлес қосып жүрген бірқатар азаматтар мемлекеттік наградалармен және Алғыс хаттармен марапатталды. Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен білім саласының үздік ұстаздарына «Құрмет» ордені мен «Ерен еңбегі үшін» медалі табысталды. Марапат иелерінің қатарында білім беру саласына қырық жылдан астам ғұмырын арнаған Ұлан ауданына қарасты М.Ломоносов атындағы орта мектептің ағылшын тілі пәнінің мұғалімі Майнұр Ескендірова да бар.

Майнұр Ескендірова, М.Ломоносов атындағы орта мектебінің ағылшын тілі пәнінің мұғалімі:

Бүгін сондай үлкен мен үшін құрмет, осындай құрмет орденімен марапатталуым. Нақты осы рәміздер күніне орай өзімнің алғысымды ұжымыма, отбасыма және Ұлан ауданының білім бөліміне жеке аудан әкіміне, облыс әкіміне өз ризашылығымды және алғысымды айтамын.

Мемлекеттік рәміздерді құрметтеу мәдениетін қалыптастыруда жастардың да белсенділігі жоғары. Олар көк байрақ, елтаңба мен әнұранның ел болашағын айқындайтын маңызды құндылықтар екенін айтады.

Қызғалдақ Зайтүн, Өскемен қ. «Жастар» ресурстық орталығының волонтері:

Біздің қаламызда үлкен мейрам. ҚР рәміздер күні. Бұл қала жастарына үлкен рух беретін, биігімізде көк туымыздың желбіреуіне әсер ететін мейрамдардың бірі. Бұл мейрам арқылы мемлекеттік рәміздерін біледі, өздерінің ел болашағына қызмет ету керектігін біліп жүреді. Бұл мереке жастарға рух силайтын мерекелердің бірі болып табылады.

Мемлекеттік рәміздер күніне арналған мерекелік шара өңір өнерпаздарының қатысуымен өткен концерттік бағдарламаға ұласты. Патриоттық әндер шырқалып, көрермендерге көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.

Нұртас Қайролдаев