Өңірдегі өндірістік қауіпсіздікті қамтамасыз ету және еңбек жарақаттарының алдын алу бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүргізілуде. ҚР Премьер-Министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов өңірдегі ахуал туралы баяндады.
Жыл басынан бері облыста екі жүз елуден астам қауіпті өндірістік нысан тексеріліп, өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптарын бұзудың сегіз жүзден жоғары дерегі анықталған. Сонымен қатар, зиянды өндірістік объектілерде бақылау қызметтерін құру жұмыстары қолға алынған.
Нұрымбет Сақтағанов, Шығыс Қазақстан облысының әкімі:
Өнеркәсіптік қауіпсіздік жүйесін жетілдіру және ғылыми негізделген шешімдер әзірлеу мақсатында облыстың Төтенше жағдайлар департаменті жанынан өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы ғылыми-техникалық кеңес құрылды.
Сонымен қатар, өңір басшысы өндірістегі апаттарды тергеу үшін арнайы комиссиялар құрылғанын атап өтті.
Нұрымбет Сақтағанов, Шығыс Қазақстан облысының әкімі:
Тергеп-тексеру үшін маңызды бірде-бір дерек назардан тыс қалмайды. Жауапты тұлғалардың әрекеттеріне түбегейлі баға берілетін болады. Аталған жұмыс тұрақты бақылауда.
Өндірістік нысандарды техникалық қайта жарақтандыру мәселелеріне үлкен көңіл бөлінуде. Осы жылы пайдалану мерзімі аяқталған 600-ден астам техникалық құрылғылар мен технологиялық желілерді ауыстыру жоспарланып отыр.
Нұрдәулет Қалибеков