Волонтерлік – игі істер арқылы қоғамға пайда әкелудің тиімді жолы. Бүгінде бұл қозғалыс өңірде кең қанат жайып келеді. Облыста екі мыңнан астам адам ерікті ретінде түрлі әлеуметтік және қайырымдылық жобаларға қатысып жүр. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Айдар Садырбаев мәлімдеді.

Ұлттық волонтерлік желі тұрғындарды еріктілер қатарына қосылуға шақырады. Волонтерлер жылы аясында шығысқазақстандықтар еліміздегі еріктілер қозғалысына белсенді қатысуға мүмкіндік алып отыр.

Айдар Садырбаев, Облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы:

Өңірде 160-тан астам іс-шара өткізіліп, тиісінше бұл шараларға қатысқан адамдардың барлығы өзінің ерік-жігерін көрсеткен болатын. Қазақтың бойына біткен жылу жинау, асар жасау, қиын сәтте қол үшін беру біздің бағыздан бері ділімізге сінген ұлы қасиеттер. Осы қасиеттерді біз жоғалтпауымыз керек. Сол себептен, біздің волонтерлеріміздің басын қосып, осындай бірнеше күндік семинар өткізуді жөн санадық. Жыл аясында әлі талай шара өткізілетін болады. Сөз жоқ.

Қайырымдылық және әлеуметтік жобаларға үлес қосуды қалайтындар үшін арнайы цифрлық экожүйе жұмыс істейді. Волонтерлік жолды бастау үшін «qazvolunteer.kz» ресми сайтына тіркелу жеткілікті. Порталға кірген қолданушыларға ақпараттық қолдау желісі туралы мәлімет ұсынылады.

Татьяна Миронюк, «Ұлттық еріктілер желісі» қауымдастығы нысанындағы заңды тұлғалар бірлестігінің атқарушы директоры:

Көбінесе волонтерлікке белгілі бір мәселені шешуге ниетті адамдар келеді. Ол өздеріне немесе жақындарына қатысты болуы мүмкін. Сондықтан, еріктілер түрлі әлеуметтік жобаларды жүзеге асыру арқылы оң өзгерістер енгізуге күш салады.

Облыс волонтерлерінің маңызды бастамаларының бірі – «Мейірімді Шығыс» қайырымдылық акциясы. Алғашында өңірлік жоба ретінде басталған бұл шара кейін республикалық «Мейірімді Қазақстан» бастамасы аясында жалғасын тапты. Айдар Садырбаевтың айтуынша, акцияның республика көлемінде кеңеюі оның әлеуметтік маңызының жоғары екенін және қоғам тарапынан үлкен қолдауға ие болғанын көрсетеді.

Фатима Тілейханқызы