Күршім ауданында заманауи жылыжай кешені іске қосылды. Мұнда қияр, қызанақ, тәтті бұрыш пен түрлі көкөністер өсіріледі. Өнім аудан тұрғындарын ғана емес, облыс нарығын да қамтуға бағытталған. Толығырақ әріптесім тарқатсын.

Шығыс Қазақстан облысында қиярдың бір келісі орта есеппен 600-700 теңге аралығында сатылса, Күршім ауданындағы жылыжай кешенінде оның бағасы небәрі 400 теңге. Кәсіпорын биыл наурыз айында жұмысын бастаған. Қазір заманауи кешен алғашқы өнімдерін бере бастады. Бір жылыжайдың өзі тәулігіне 25-30 келіге дейін өнім жинауға мүмкіндік береді.

Айгүл Мұстафина, «ДЕЕН» ЖШС директоры:

Көшет пен тұқым таңдауда ең алдымен олардың суыққа төзімділігіне басымдық бердік. Өйткені біздің өңірдің климаттық жағдайы құбылмалы. Сондықтан өнімді ойдағыдай өсіріп, нарыққа ұсыну үшін тұқымдардың жерсінуі мен өнімділігіне назар аудардық. Негізгі мақсатымыз – мол әрі сапалы өнім алу.

 «ДЕЕН» жылыжай кешенінің жобалық қуаты 15 мың шаршы метрді құрайды. Қазіргі таңда оның 7 мың шаршы метрі пайдалануға берілген. Кәсіпорында 15 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Олар аудан мен облыс тұрғындарын жаңа піскен көкөніспен қамтамасыз етіп отыр. Алдағы уақытта тағы 20 жылыжай салу жоспарланған.

Федор Пьянзин, «ДЕЕН» ЖШС агрономы:

Көшеттерді отырғызу жұмыстарын наурыз айының соңында бастадық. Оған дейін барлық дайындық шаралары толық жүргізілді. Жылыжайда Нидерландтан әкелінген жоғары сапалы тұқымдар пайдаланылып отыр. Алдарыңыздағы қияр – «Серенин» сұрпы. Қазір ол толық өнім беру кезеңіне жете қойған жоқ. Енді ғана жеміс сала бастады. Бұл сұрыптың өнім беру мерзімі шамамен екі айға созылады.

Жылыжайдағы жұмыс қыс мезгілінде де, жазда да тоқтамайды. Жыл бойы өнім алу үшін мұнда барлық қажетті жағдай жасалған. Заманауи жылыту жүйесі орнатылып, қолайлы температура тұрақты сақталады. Сондай-ақ мұнда тамшылатып суару технологиясы қолданылады.

Мейржан Альбеков,Күршім ауданының әкімі:

Жалпы Тоқбура жобасы 2,5 млрд. жоба. Былтырдан бастап қолға алынған болатын. Оның ішінде туристтік базасы бар. Өздеріңіз көріп тұрған жылыжай сол жобаның бір шеті ғана. Бұл жоба бүгінгі күнге дейін мемлекеттің қолдауынсыз өз қаражатына жастап отыр. Ары қарай тағы 20 орын салынбақ. Оған біз басқа бағдарламалармен қолдау көрсететін боламыз.

Кәсіпорын алдағы уақытта өнім түрлерін көбейтуді көздейді. Жоспар бойынша мұнда құлпынай мен нарықта сұранысқа ие өзге де дақылдар өсірілмек. Бұл жоба жергілікті өнім көлемін арттырып қана қоймай, ауданның азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға мүмкіндік береді.

Нұртас Қайролдаев