Риддерде алдағы қысқы маусымға дайындық жұмыстары басталды. Биыл жылу электр орталығында және қалалық жылу желілерінде ең ауқымды жөндеу жұмыстарының бірі жоспарланған. Негізгі мақсат – жүйенің сенімділігін арттырып, жылыту маусымының тұрақты өтуін қамтамасыз ету.
Жөндеу жұмыстары бірнеше бағытты қамтиды. Станция жабдықтарын жаңғыртудан бастап, қалалық жылу инфрақұрылымын жаңартуға дейінгі шаралар. Қазіргі уақытта мердігер ұйымдармен келісімшарттар жасалып, жөндеу кестесі әзірленіп, бекітілді.
Кирилл Голота, «Шығыс Жылу» АҚ Риддер қалалық филиалының директоры:
2026 жылғы жөндеу науқаны аясында бірқатар іс-шаралар жоспарланды. Оларды жүзеге асыру үшін Үкімет резервінен және облыстық бюджеттен қаржы бөлінді. Үкімет резервінен 2,6 миллиард теңге жоғары қысымды екі қазандық агрегатына күрделі жөндеу жүргізуге және тоқсанішілік жылу желілерінің 12 учаскесін жаңартуға бағытталды. Сонымен қатар тарифтік қаражат есебінен 715 миллион теңге көлемінде қаржы қарастырылған. Бұл қаражат №1 турбогенераторды күрделі жөндеуге, жылу желілерінің 5 учаскесін жөндеуге, жаңа түтін мұржасының құрылысын жобалауға, күл үйіндісінің екінші секциясын кеңейту жобасын әзірлеуге және қосалқы жабдықтарды жөндеуге жұмсалады.
Жабдықтарды жөндеумен қатар, жылу желілерінің жай-күйіне де ерекше назар аударылады. Себебі олардың сенімді жұмысы қаладағы тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандарды үздіксіз жылумен қамтамасыз етуге тікелей әсер етеді. Жөндеу жұмыстары жаз бойы жалғасады. Негізгі іс-шараларды жаңа жылыту маусымы басталғанға дейін аяқтау жоспарланып отыр.
Аяулым Усинова