Өскемендегі облыстық балалар және жасөспірімдер кітапханасында «Дәстүр HUB» шығармашылық кеңістігі ашылды. Жаңа жоба ұлттық мұра мен заманауи технологияларды біріктіріп, балалар мен жасөспірімдердің шығармашылық және танымдық дамуына арналған мүмкіндіктер ұсынады. Танымдық шараға өңір әкімі Нұрымбет Сақтағанов қатысты.
Жаңа «Дәстүр HUB» алаңы бірнеше шығармашылық бағытты қамтиды. Мұнда кітап оқу мәдениеті, ұлттық мұра және заманауи технологиялар үйлесім тапқан. Қазақ халқының мәдени мұрасы саналатын киіз үйде дәстүрлі құндылықтар жаңа форматта ұсынылған. Мультимедиялық шешімдер, интерактивті технологиялар және жасанды интеллект элементтері арқылы келушілер қазақ халқының тарихы мен мәдениетін жаңаша көзқараспен көре алады.
Назгүл Кенжебекова, облыстық балалар және жасөспірімдер кітапханасының директоры:
«Қазцинк» компаниясы бізге осындай «Дәстүр HUB» атты киіз үйді сыйға тартты. Жобаның негізгі мақсаты – өткен мен бүгінімізді жалғастыру..... Мемлекет басшысы атап өткендей, кітап оқу мәдениетін қолдау өте маңызды. Осы киіз үйдің ашылуы кітап оқу ортасын дамытуға және мәдени-ағартушылық жұмыстарды жандандыруға жаңа мүмкіндік беріп отыр. Алдағы уақытта мұнда жасанды интеллект тақырыбындағы кездесулер, оқырмандар басқосуы... халықаралық кездесулерді жоспарлап отырмыз.
Киіз үйдің әрбір жабдығы мен безендіру элементтері өзіндік тарихқа ие. QR-кодтардың көмегімен келушілер қазақ киіз үйінің, ұлттық ою-өрнектердің, тұрмыстық бұйымдардың мән-мағынасы түсіндірілген бейнематериалдарды көре алады. Жаңа кеңістікте оқу мәдениетіне ерекше көңіл бөлінген. Мұнда әдеби кездесулер, шеберлік сабақтары, білім беру бағдарламалары, ашық пікірталастар мен балалар мен жасөспірімдерге арналған интерактивті шаралар өткізу жоспарлануда. Сонымен қатар, «Дәстүр HUB» - подкасттар жазуға, бейне контент әзірлеуге, шығармашылық жобаларды жүзеге асыруға және цифрлық технологиялардың көмегімен қазақ тілін үйренуге арналған алаңға айналмақ.
Андрей Лазарев, «Қазцинк» ЖШС әкімшілік мәселелер жөніндегі басқарушы директоры
Көпшілік кітапхананы ескі, заман талабына сай емес орын ретінде қабылдайды. Алайда бүгінгі кітапхана – бұл өткен шақтың емес, қазіргі заманның, тіпті болашақтың кеңістігі. Киіз үй түріндегі ұлттық дәстүрлер мен цифрлық технологиялардың үйлесуі білім алуды қызықты етеді. Бүгінгі таныстырылым барысында Қазақстанның өткен тарихына үңіліп, қазіргі дамуына көз жүгіртуге және болашаққа қатысты бағыттармен танысуға мүмкіндік алдық. Өйткені, мұнда жасанды интеллектке арналған арнайы бөлім де бар.
Жаңа орталықтың ашылуы қала тұрғындары үшін үлкен мерекеге айналды. Келушілерге «Оқу залы», «Алтын сақа» ұлттық ойындар алаңы, жас суретшілердің шығармашылық кеңістігі, тақырыптық фотозоналар, шеберлік сабақтары, интерактивті алаңдар мен «Картон қалашығы» ұйымдастырылды.
Фатима Тілейханқызы