Шығыс Қазақстан облысы бойынша Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры филиалының директоры Данияр Исенов облыстық аурухана мен оңалту орталығында болды. Ол кардиология бөлімшесінің мамандарымен жүздесіп, жүрек-қан тамырлары аурумен отадан кейін оңалту орталығында ем-шара алып жатқан науқастардың жағдайымен танысты. Бүгінде МӘМС жүйесі аясында өңір тұрғындарына толық медициналық көмек көрсетіледі.
Шығыс Қазақстан облыстық ауруханасының кардиология бөлімшесі өңірдің түкпір-түкпірінен келетін науқастарды қабылдайды. Мұнда жедел коронарлық синдром, миокард инфаркті және жүрек-қан тамырлары жүйесінің басқа да аурулары кезінде шұғыл әрі жоспарлы медициналық көмек көрсетіледі.
Инна Олейник, Облыстық аурухананың кардиология бөлімшесінің меңгерушісі:
Жедел коронарлық синдромы бар науқастарға медициналық көмек ұлттық емдеу хаттамаларына сәйкес көрсетіледі. Бұл хаттамалар Еуропалық кардиологтар қоғамының ұсынымдарына толық сай келеді. Сондықтан Шығыс Қазақстан облысының және жалпы Қазақстан Республикасының тұрғындары жедел коронарлық синдром кезінде Еуропа мен Америкадағы пациенттерге көрсетілетін деңгейдегі медициналық көмекті алады.
Өңірдің кардиологиялық қызметін қаржыландыру көлемі жыл сайын артып келеді. Бұл жергілікті дәрігерлерге бұрын тек республикалық орталықтарда ғана жасалатын күрделі жоғары технологиялық оталарды осы жерде жасауға мүмкіндік береді.
Данияр Исенов, «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ ШҚОФ директоры:
МӘМС жүйесінің арқасында науқастар Медициналық сақтандыру қорының қаражаты есебінен қымбат тұратын операциялар мен заманауи емдеу әдістерін алады. 2025 жылы кардиологиялық көмектің көлемі артты, жалпы құны 2 млрд 964 млн теңгені құрайтын 2 000-нан астам операция жасалды. Оның ішінде жоғары технологиялық оталар саны 115-ке дейін көбейіп, қаржыландыру көлемі шамамен 500 млн теңгені құрады. Ал 2026 жылдың I тоқсанында 875 млн теңге сомасына 650 кардиологиялық ота жасалды.
Уақытылы көрсетілген медициналық көмек көбінесе науқастың өмірін сақтап қалуға мүмкіндік береді.
Татьяна Шевченко, емделуші:
Соңғы он жылда бұл менің дәрігерлерге алғаш жүгінуім. Бәрі аяқ асты болды, инфаркт алдым. Мен көрсетілген қызметке өте ризамын: дәрігерлер, медбикелер, санитарлар… кімді алсаң да, кімге жүгінсең де, әрқашан жылы жүзді, мейірімді, жанашыр. «Барып сатып алыңыз» деген сияқты жағдайлар болған жоқ. Олар — үлкен жүректі адамдар.Облыстық оңалту орталығында науқастар көбінесе отадан кейін денсаулығын қалпына келтіру мақсатында түрлі деңгейдегі ем алады. Ол да МӘМС аясында тегін жүргізіледі.
Татьяна Сергеева, облыстық оңалту орталығының кардиология бөлімшесінің меңгерушісі:
Бізде кардиохирургтармен тікелей байланыс бар, біз бір-бірімізбен хабарласып, науқастар саны мен жағдайын нақтылап отырамыз, ал олар ауруханадан шыққаннан кейін бірден бізге келеді. Біз оларды осында қабылдап, әрі қарай емдеуді жалғастырамыз.
Орталықта дәрілік терапия, емдік дене шынықтыру, кинезотерапия, физиотерапиялық емшара, психологиялық қолдау және қалпына келтірудің басқа да әдістері қолданылады.
Данияр Исенов, «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ ШҚОФ директоры:
2024 жылы облыс тұрғындарына жалпы құны шамамен 2,9 млрд теңгені құрайтын 700 мыңға жуық оңалту қызметі көрсетілді. 2026 жылға арналған оңалту қызметін қаржыландыру көлемі 3 млрд теңгеден асты. Оңалту — инсульт, инфаркт және отадан кейін адамның толыққанды өмірге оралуының маңызды кезеңі екенін атап өткен жөн.
Әр науқас өзінің диагнозы мен жүргізілген еміне қарай жеке оңалту бағдарламасынан өтеді.
Қайнар Молдабаев, емделуші:
Диагнозым — жедел және жеделдеу инфекциялық эндокардит, кейін митральды және аортальды қақпақшаларға протездеу жасалды. Қазір оңалтудың үшінші кезеңінен өтудемін. Емдік дене шынықтырумен айналысамын және көбірек жүруге тырысамын.
Кардиологиялық көмек тек заманауи технологияларды ғана емес, сонымен қатар айтарлықтай қаржылық ресурстарды да талап етеді. МӘМС жүйесінің арқасында өңір тұрғындары қымбат емге, жоғары технологиялы оталарға және кейінгі оңалтуға қол жеткізіп, денсаулықтарын сақтап, толыққанды өмірге қайта оралу мүмкіндігіне ие болуда.
Салтанат Кеңесбекқызы