Риддерде жаңа қалалық аурухана пайдалануға берілді. Бұл кеншілер қаласында кейінгі 30 жылда алғаш рет бой көтерген медицина кешені. Емхана бір ауысымда 500 адам қабылдаса, стационар 200 орынға арналған. Ең бастысы науқастар білікті маманға қаралу үшін облыс орталығына сабылып, кезек күтіп әуреленбейді.

Жалпы ауданы 40 мың шаршы метрден асатын үшқабатты ғимарат қажетті медициналық құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз етілген. Аурухана кешенінің құрылысы «Заңсыз иемделген активтерді мемлекетке қайтару туралы» Заң аясында бөлінген қаражат есебінен жүргізілді. Бүгінде 55 мың тұрғыны бар Риддер үшін бұл емхананың маңызы зор. Қала тұрғындары талай жылдан бері ескі ауруханада емделіп келген. Енді олар кардиология, инсульт және күйік орталықтары бар, заманауи талаптарға сай ірі медициналық кешенде толық ем ала алады.

Нұржан Мұқажанов, Риддер қалалық ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары:

Риддер қалалық ауруханасының қабылдау актісі 2025 жылдың желтоқсан айында рәсімделді. 2026 жылдың ақпанынан бастап стационарда толыққанды жұмысқа кірістік.Осы жылдың 18 мамырынан бастап 500 адам қабылдайтын емхана толық іске қосылды. Қазір біз диагностика мен емдеу хаттамаларына сәйкес барлық медициналық көмекті толық көлемде көрсетіп отырмыз.

Медициналық мекемені білікті кадрлармен толықтыру мәселесі өзекті. Қала да жалпы тәжірибелі дәрігерлерге сұраныс жоғары. Осыған байланысты жергілікті билік мамандарды тарту мақсатында бірқатар әлеуметтік қолдау шараларын қарастыруда. Олардың қатарында баспанамен қамту басты назарда.

Думан Рахметқалиев, Риддер қаласының әкімі:

Қазіргі таңда бізге төрт маман аса қажет. Мектеп маңында «Казцинк» ЖШС өз қызметкерлеріне арнап үй салып жатыр. Алдын ала келісім бойынша, пәтерлердің бір бөлігін қалаға береді. Сол тұрғын үймен қажетті төрт маманды қамтамасыз етуіміз керек.

Жаңа аурухана кешені соңғы жылдары Риддерде салынған ең ірі әлеуметтік нысандардың бірі. Ендігі басты міндет оны білікті мамандармен қамтамасыз етіп, заманауи медицинаның мүмкіндіктерін халық игілігіне толыққанды пайдалану.

Бекарыс Секен