Күршім ауданында мектепке дейінгі білім беру саласы тағы бір маңызды нысанмен толықты. Жеке инвестиция есебінен бой көтерген «Дара бала» бөбекжай-балабақшасы есігін айқара ашты. 120 орынға арналған заманауи орталықтың іске қосылуы аудан орталығындағы кезекті мәселелердің бірін шешіп, бүлдіршіндерді мектепке дейінгі тәрбиемен толық қамтуға мүмкіндік берді.
Салтанатты рәсімге аудан әкімі Мейржан Альбеков қатысып, игі бастаманың өңірдің әлеуметтік дамуына серпін беретінін атап өтті. Бүгінде аудан орталығында үш мектепке дейінгі ұйым жұмыс істейді. Бұл өз кезегінде жас ұрпақтың сапалы білім мен саналы тәрбие алуына жол ашып отыр.
Мейржан Альбеков, Күршім ауданының әкімі:
Балалар мерекесіне орай аудан орталығында сенімгерлік негізде 120 орындық жаңа балабақша есігін ашып жатыр. Енді осы жобаның басталғанынан бастап, үлкен қолдау білдірген облыс басшылығына, білім басқармасына аудан халқы атынан үлкен алғысымызды білдіреміз. Күршім ауданында аудан орталығында 2 жастан 6 жасқа дейінгі балаларды балабақшамен қамтитын боламыз. Бұл аудан орталығы үшін жақсы қуаныш табалдырығын аттап жатқан балаларды, ата-аналарды, тәрбиешілер мен меңгерушілерді құттықтағым келеді. Үлкен өзінің жақсы жемісін береді деген ойдамын.
Жаңадан пайдалануға берілген нысан балалардың жан-жақты дамуына бағытталған заманауи құрал-жабдықпен жабдықталған. Кең әрі жарық бөлмелер, қауіпсіз ойын алаңдары, шығармашылық пен танымдық қабілеттерді шыңдауға арналған оқу кеңістіктері – барлығы халықаралық талаптарға сай жасақталған. Ал тұзды бөлме бүлдіршіндердің денсаулығын нығайтуға мүмкіндік береді.
Бұлбұл Қозыбаева, Облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары:
Күршім ауданындағы ең алғашқы жеке меншік балабақшалардың бірі. Аудан бойынша қазір 0 жастан 5жасқа дейінгі 161 бала кезекте тұр. Сол кезекті жою мақсатында атқарылып жатқан шаралардың бірі. Бұл балалардың болашаққа деген сенімдерін арттырып, балаларды мектепке дейінгі тәрбие мен біліммен қамтамасыз етеді деген ойдамыз.
Әсем безендірілген ғимараттың әр бұрышынан балаға деген қамқорлық айқын сезіледі. Ыңғайлы жиһаздар, сапалы жабдықтар мен жайлы орта тәрбиеленушілердің күнделікті уақытын қызықты әрі мазмұнды өткізуіне жағдай жасап отыр. Сондықтан ата-аналар қауымы да жаңа нысанның ашылғанына қуанышты.
Аяужан Қуанышқызы, Күршім ауданының тұрғыны:
Біз үшін ерекше күн. Ақ түйенің қарыны жарылған күн десек те болады. Үйткені Күршім ауданында бұл ашылып отырған үшінші балабақшамыз. Жеке кәсіпкерлер ашып отыр. Өте қуаныштымыз. Күршім ауданында балабақша тапшы болғандықтан, бала саны да көп болғандықтан біз үшін өте үлкен бүгінгі күні келіп отырған.
«Дара бала» – болашақ ұрпаққа салынған инвестицияның нақты көрінісі. Балғындардың алаңсыз өсіп, сапалы тәрбие мен білім алуына арналған орталық ауданның білім беру инфрақұрылымын жаңа деңгейге көтеріп, тұрғындардың көптен күткен қуанышын еселей түсті.
Нұртас Қайролдаев