Бүгін – мемлекеттік рәміздер күні. Ту, Елтаңба және Әнұран – тәуелсіздігіміздің тұғыры, елдігіміздің белгісі. Атаулы күн әр азамат үшін ерекше маңызға ие. Ал көк байрағымызға деген құрмет пен мақтаныш сезімін халықтың жүрегіне жеткізген туындылардың бірі – «Көк тудың желбірегені» әні. Патриоттық шығарманың сөзін жазған ақынмен арна тілшісі дидарласып қайтқан еді.

Мемлекеттік Ту – азаттықтың айғағы. Аспан түстес байрақ бүгінде халықаралық ареналарда көтеріліп, Қазақстанның абыройын асқақтатып келеді. Көк Туға деген ерекше құрметті арттырған шығармалардың бірі – «Көк тудың желбірегені» әні. Бұл туынды бүгінде патриоттық әндердің символына айналды. Белгілі ақын Алмас Ахметбекұлының айтуынша, шығарманың басты мақсаты – жастардың бойында отансүйгіштік сезімді қалыптастырып, мемлекеттік рәміздерге деген құрметті күшейту болған.

Алмас Ахметбекұлы, ҚР Мәдениет қайраткері:

Көк туға қараған кісі басын көтереді ғой. Еңсесін тік ұстайдығой, яғни бізше ту ұлттың еңсесі. Герб мың жылдағы бұрын жасалған біздің алтын парақты алтын қанатты пырағымызға. Ұлттың шаңырағымен мызғымайтын жұлдызына құрылған. Ұлттың парасаты мен тарихы болуы мүмкін. Ал гимнше менің жерім, менің Қазақстаным туған жерім менің деп айқайлап тұрып айтатын ұлттың дауысы. Еңсе, парасат, дауыс. Бұл біздің ұлттың ел құқығын, ұлттың мемлекеттігін көрсетіп тұрған биік белгілер.

Биыл егемендігіміздің символына айналған мемлекеттік рәміздерге 34 жыл. Тәуелсіздік алған сәттен бастап Қазақстан өзін дербес мемлекет ретінде қалыптастырып қана қоймай, биік рухты Туы, терең мағыналы Елтаңбасы мен Мемлекеттік Әнұраны арқылы бүкіл әлемге танылды.

Есенбол Нақтыбайұлы, Шығыс Қазақстан өнер музейі директорының орынбасары:

Біздің қазіргі ұрпақ үшін жалпы қазақ үшін жүрегімізге ұлт дегеннің не екенін ел дегеннің не екенін, елдің жалауы көк туының қадір қасиетін ұғындыратын бір ән болса осы «Көк тудың желбірегені» әні. Егемен еліміздің еңсесі биік болсын, ел іші сырты аман болсын. Жаңа заманда, Жаңа Қазақстан белестерге жетіп, мәдени – экономикалық даму үстінде болсын деген ниеттеміз.

Мемлекеттік рәміздер күні - әр азаматтың елдік құндылықтарға құрметін арттырып, ұлттық рухты нығайтатын маңызды мереке.

Гүлдана Айдарқызы