Самар ауданына қарасты Жұмба ауылында жаңа спортзал пайдалануға берілді. Ауыл тұрғындары көптен күткен нысан қаншама жылдан бері шешімін таппай келе жатқан мәселе. Бұған дейін елді мекенде жеке спорт залы болмаған. Салтанатты ашылу рәсіміне Самар ауданының әкімі Серік Женісов, ауыл тұрғындары, ұстаздар, оқушылар және құрметті қонақтар қатысты.

Бастама облыс әкімі Нұрымбет Сақтағановтың қолдауына ие болып, қажетті қаржы бөлінген. Құрылыс жұмыстары 2025 жылдың соңында басталып, қысқа мерзім ішінде аяқталды. Нысанның мердігері – «Өтегенова» жеке кәсіпкерлігі. Самар ауданының әкімі Серік Жеңісов жаңа нысанның құрылысы тұрғындардың өтініші негізінде қолға алынғанын атап өтті.

Серік Жеңісов, Самар ауданының әкімі:

Облыс әкімі Нұрымбет Аманұлына айтып, осындай шалғай ауыл бар Жұмба деген. Сол жерде не өмір бойы клуб болмаған, не спорт кешені болмаған деп. Жалғыз мектеп бар соған бір көмек керек еді деп. Бұл енді сол кісінің қолдауымен былтыр ақша бөлініп, спорт комплексін салдық. Сол кезде ол кісінің айтқаны есімде еді. Қандай шалғай ауыл болсын ол жерде халық тұрады. Бұл Президенттің тапсырмасы. Оны орындауымыз керек. Барлығына көп-көп рахметімді айтқым келеді.

Жұмба ауылындағы мектеп 1988 жылы салынған. Алайда осы уақытқа дейін білім ордасында спортзал болмағандықтан, дене шынықтыру сабақтары арнайы жабдықталмаған орындарда өткізіліп келді. Қазіргі таңда мектепте 32 оқушы білім алады. Ал, қалған 12 бала шағын орталыққа барады. Ауыл тұрғындары жаңа нысанның бой көтеріп, халық игілігіне берілгені үшін қуанышты.

Бақытгүл Смайылова, Жұмба ауылының тұрғыны:

43 жыл болды осында тұрамын. Біз өте қуаныштымыз. Мұұндай жағдай ешқашан болмаған. Өзімнің балаларым осы жерден оқып шықты. Бұрын болмаған. Өте қуаныштымыз.

Спортзал заманауи құрал-жабдықтармен қамтылған. Оның ішкі жабдықталуы демеушілердің қолдауымен жүзеге асырылып, бюджетке қосымша салмақ түсірілген жоқ. Мұнда үстел теннисі, гимнастикалық төсеніштер, тренажерлар, волейбол торы, армрестлинг пен тоғызқұмалаққа арналған арнайы жабдықтар орнатылған. Сонымен қатар, оқушылардың қолайлығы үшін душ бөлмелері, санитарлық тораптар және киім ауыстыратын бөлмелер қарастырылған.

Жасұлан Ережепов, Мариногор ауылдық округінің әкімі:

Үлкен кешен 40 жылдан астам біздің округімізде салынбаған болатын. Бұл ауылымызда ерекше бір орын алатын нысанға айналады деп сенемін. Осы жерден жақсы тәрбиеленіп, мықты спортшылар шықсын. Замануи зал замануи үрдісте салынған. Сумен қамтылған. Ұлдар мен қыздарға бөлек киім ауыстыратын бөлмелер, үлкен зал, күрес, волейбол, футбол, баскетбол барлығына мүмкіндік бар.

Жаңа спортзал ауыл балаларының спортпен жүйелі түрде айналысуына мүмкіндік беріп қана қоймай, тұрғындардың бос уақытын тиімді өткізуге арналған маңызды әлеуметтік нысанға айналмақ. Бұдан бөлек, аудан инфрақұрылымын дамыту жұмыстары да жалғасуда. Қазіргі уақытта Мариногор – Жұмба бағытындағы ұзындығы 38 шақырым болатын жолға жөндеу жүргізіліп жатыр. Биыл оның алғашқы 8 шақырымы қамтылса, қалған бөлігі кезең-кезеңімен жаңартылады.

Фатима Тілейханқызы