Ольга Рыпакова манежі алаңында Ассамблея жастарының қатысуымен ұйымдастырылған студенттер арасындағы ауқымды дода өз мәресіне жетті. Төрт күнге созылған тартысты жарысқа 8 команда қатысып, білім мен біліктіліктің, ептілік пен өнердің сынға түскен алаңына айналды.

Жарыс екі негізгі кезең бойынша өрбіді. Алғашқы кезең – спорттық сайыстар. Мұнда қатысушылар өзара күш сынасып, жылдамдық пен шапшаңдықты, командалық үйлесімділікті паш етті. Ал екінші кезеңде студенттер интеллектуалдық бағытта бақ сынап, логикалық ойлау қабілеті мен білім деңгейін көрсетті. Әсіресе, бұл кезеңде жастардың тапқырлығы мен ой ұшқырлығы айқын байқалды.

Әйгерім Дәуітбекова, ШҚО бойынша ассамблея жастарының үйлестірушісі:

Биыл бізде екінші рет ұйымдастырылып жатыр, былытырдан бастап. Алдағы жылдары да ұйымдастырылады деген ойда бар. Жеңімпаздарға сертификаттар, кубок пен медальдар беріледі. Жарыс түрлері, фудбол ұлдар арасында, волейбол қыздар арасында және дәстүрлі садақ ату жарысы болды. Интелектуалдық ойындардан, Etno Game ойыны, Etno Quiz ойыны ал қазір эстафета ойыны өтеді.

Сонымен қатар, байқау аясында әр оқу орны шаһардағы тарихи әрі көрікті орындардың бірі саналатын Достық үйінің макетін әзірлеп, көпшілік назарына ұсынды. Ұқыптылықпен жасалған макеттер студенттердің шығармашылық әлеуетін көрсетіп қана қоймай, туған өлкеге деген құрметін де айшықтай түсті.

Константин Тюнин, «Крепость» спорттық-тактикалық клубының жетекшісі:

Спорттық лазертаг дегеніміз не? Спорттық лазертаг – бұл қазіргі таңда қарқынды түрде дамып, танымалдылығы артып келе жатқан жаңа бағыт Қазақстанда да бұл спорт түрі белсенді түрде дамып келеді. Бүгінгі жарыс аясында осы спорт түрін таныстырып отырғанымызға өте қуаныштымыз.

Бұдан бөлек, қатысушылар түрлі этнос өкілдерінің ұлттық киімдерін киіп, жарыстың сәнін келтірді. Бұл көрініс елдегі татулық пен бірліктің жарқын көрінісіне айналып, көрермендерге ерекше әсер сыйлады.

Ердос Ерлан, студент:

Барлығы жақсы дайындалған. Былтырда бұл жарыс өткен оған біз қатыса алмадық, биыл бұырса финалда чемпион боламыз деп үміттенемін. Бір аптаның көлеміндей дайындалдық, сол бір апта бізге жеткілікті болды.

Жарыс қорытындысы бойынша жеңімпаздар екі кезеңнің нәтижесіне сай анықталып, лайықты марапаттарға ие болмақ. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай форматтағы сайыстар жастардың жан-жақты дамуына серпін беріп қана қоймай, олардың өзара байланысын нығайтуға да ықпал етеді.

Нұрдәулет Қалибеков