Елімізде көктемгі әскерге шақыру науқаны басталды. Биыл Шығыс Қазақстан облысынан 700-ге жуық жас азамат Отан алдындағы борышын өтеуге аттанады. Қазіргі таңда өңірде медициналық тексерістер мен әскери командаларды жасақтау жұмыстары жүргізілуде. Алғашқы легі Ұлттық қауіпсіздік комитетінің шекара қызметіне жөнелтілуде.
Өскемендегі облыстық жинақтау пунктінде әскерге шақырылушылар медициналық комиссиядан өтіп, әскери қызметке жарамдылығы анықталуда. Әскери қызметке 18 бен 27 жас аралығындағы, денсаулығы жарамды азаматтар қабылданады. Алғашқы кезеңде жас сарбаздар Ұлттық қауіпсіздік комитетінің шекара қызметіне аттанса, кейін Қарулы күштер мен Ұлттық ұлан бөлімдері жасақталады.
Арман Қожамқұлов, ШҚО қорғаныс істері жөніндегі департаментінің бастығы:
Шығыс Қазақстан обылысынан 700 жуық әскери шақырулушылар шақыртылады. Қазіргі таңда Ұлттық Қауіпсіздік комитетінің шекара қызметтрі жасақталуда. Қазір бізде екінші жасақ аттанады, Алматы қаласына. Одан кейін Қарулы күштері жасақталады, келесі біздің Ұлттық ұлан жасақталады. Әскери шақыру науқаны кезінде біздің әскери шақырылушыларға әскери қызметін орындау кезінде жеңілдіктер қарастырылған. Олар шақырылушылардың несиелері болса соларға әскери борыш кезінде тоқталады. Одан кейін әскри дайындығы жоғары деңгейде көрсетсе, оларға біздің қарулы күштердің ЖОО тегін түсуге сертификат беріледі.
Әскерге шақырылушылардың қатарында Отан алдындағы борышын өтеуді азаматтық парыз деп санайтын жастар көп. Солардың бірі - Фархат Қалибеков. Ол Зайсан ауданы Көгедай ауылынан келген. Әскерді ерлік пен батылдық мектебі деп санайды. Жас сарбаз медициналық тексерістен сәтті өтіп, шекара қызметінде борышын өтеуге дайындалып жатыр.
Фархат Қалибеков, әскерге шақырылушы:
Әскерге келудегі мақсатым мен бәрін үйрену. Ел басына күн туса қолыма қару алып өзімді, елімді отбасымды қорғай алу үшін бара жатырмын. Мен мед.комиссия әскерге жарап тұрмын. Алматыға барамыз погранға. Классастарым достарым барлығы барып жатыр. Мен де қатардан қалмай баруым керек көруім керек барлығын. Менің жасым қазір 19 да. Сол үшін қатардан қалмай әскери өмірді көруім керек.
Матвей Легостаев, әскерге шақырылушы:
Мен 2007 жылы дүниеге келгенмін. Риддер қаласының тумасымын. Сол жерден әскер қатарына шақырылдым. Мен үшін әскер – бұл ең алдымен ерлік пен батылдық мектебі. Медициналық тексерістен жақсы өтіп жатырмын, дәрігерлердің бәрі қарап, жағдайымызды мұқият тексеруде. Ешқандай шағым жоқ. Жататын орын, асхана – барлығы жақсы ұйымдастырылған. Маған шекара қызметінде, Зайсан қаласында қызмет ету бұйырды. Қазір медициналық комиссияны толық аяқтап, әрі қарай әскерге аттанамыз.
Ал дәрігерлер жағы шақырылушылардың денсаулығын жан-жақты тексеруде. Медициналық комиссия құрамындағы мамандар сарбаздардың қан талдауы, жүрек жұмысы мен жалпы физикалық жағдайын толық сараптайды.
Гаухар Мантаева, медициналық комиссия мүшесі:
Қазіргі кезде көктемгі шақыру басталды. Қазіргі шекара қызметінде әскери борышын өтейтін сарбаздарды сараптамадан өткізіп жатырмыз. Енді балалардың көңіл күйі жақсы, әскри борышын өтегісі келгендер өте көп. Бұл жерде барлық маманымыз бар. Толық өтіп жатыр 750 бұйрық бойынша. Толық анализдер қан, зір, кардиограмма, жүрек узиін. Барлығын толығымен қарап, содан кейін ақаулары болса қайта тексеруге жіберіп жатырмыз. 70-80 пайызы жарамды. Қалғандарын емделуге, қайта қаралуға жіберудеміз. Кейбірі растижениемен түскендер бар. Оларға емделу керек болса оларды емдеуге жібереміз. Бірақ балалардың көңіл күйі жақсы әскери борышын өтегісі келіп тұр.
Жоспарға сәйкес көктемгі шақырылым аясында өңірден жүздеген жас сарбаз елдің әр аймағындағы әскери бөлімдерге жөнелтіледі. Мамандардың айтуынша, әскери қызмет – жастардың жауапкершілігін арттырып, тәртіп пен патриоттық рухты қалыптастыратын маңызды өмір мектебі.
Нұртас Қайролдаев