Облыс орталығындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде Наурыз мейрамы кең көлемде аталып өтті. 13 киіз үйден құралған этноауылда оқушылар мен ұстаздар бірігіп, мазмұнды әрі көркем ойын-сауық бағдарламасын ұсынды.

Наурыз мейрамы — жаңару мерекесі. Бұл кезде табиғат оянып, онымен бірге жарқын болашаққа деген үміт те жаңғырады. Ол адамдарды біріктіріп, жүректерге жылулық, мейірімділік және ата-баба дәстүрлеріне деген құрмет сезімін ұялатады. Осындай ерекше атмосферада Назарбаев Зияткерлік мектебі қабырғасында бұл көктем мерекесі аталып өтті. Мұнда ұлттық дәстүрлер заманауи әрі жарқын сипатта көрініс тапты. Ұйымдастырушылардың айтуынша, басты мақсат — оқушыларға жылы әсер мен жарқын эмоциялар сыйлау.

Данияр Уалиев, Өскемен қаласындағы НЗМ директоры:

Мектебімізде Наурыз мейрамын тойлап жатырмыз, шаңырақтардың бәрі киіз үй тікті барлығы 13 ке жуық киіз үй тігілді. Бұның барлығын жасап жатқан біздің ата-аналарымыз. Мақсаты-балаларға естерінде қалатындай естеліктер қалдыру.

Мерекелік бағдарлама үш кезеңнен тұрды, оқушылар командаларының таныстырылымы, дәстүрлерді сахналық түрде көрсету және киіз үйлерді безендіру. Барлық байқау қойылымдарын қазылар алқасы бағалады.

Абай Дәулетұлы, қазылар алқасының мүшесі:

Керемет көңіл күй болып жатыр, жалпы мектептің ұйымдастру деңгейі жоғары деңгейде. Себебі әр түрлі киімдер әртүрлі ұлттық ойындар жасалып жатыр. Наурыз көже және тағы да басқа ұлттық тағамдар дайындалып жатыр.

Келушілер мерекені тек көріп қана қоймай, қазақ халқының тарихы мен дәстүрлері мен жақын танысып, шынайы ұлттық мұраның рухын сезінді. Киіз үйлер көрмесі мен ұлттық бұйымдардан бөлек, ұлттық мұраның символдары — тазы мен бүркіт те таныстырылды.

Ержан Жайык, тазы асыраушы:

Балаларға осы тазыны көрсетейін дегенмін, балалар көрсін білсін, қазір көбі қалада тұрғандықтан алып келдім көрсін деп мереке тамаша өтіп жатыр.

Маркс Нажитбан, бүркітші:

Бұл Наурыз енді жыл басы қазағымыздың ұлттық тойы. Осында отбасымызбен және бүркітімізбен келдік, бұл ұрпақ сабақтастығы салт-дәстүрімізді дәріптеп ұшқыр тазы, қыран бүркітімізді алып келдік. Қазақтың бұрынғы қара шаңырағы киіз үйімізді алып келіп құрдық.

Шараға тек аймақ тұрғындары ғана емес, еліміздің өзге қалалары мен аудандарынан да қатысушылар жиналды. Олар мұндай мерекелердің қазақтың дәстүрлерін насихаттауда маңызды рөл атқаратынын, мәдени мұраны сақтап, оны келер ұрпаққа жеткізуге ықпал ететінін айтты.

Асылан Гафуров, Астана қаласының тұрғыны:

Әрбір шаңырақтағы ата-аналар өз күштері мен демеушіліктері мен дастархан жайып әрбір шаңыраққа қазақтың ең ұлықты дәстүрлі мерекелерін паш етеді.

Мұндай ұлттық өнерді ұлықтайтын мерекелер өңірде көптеп өтуде, Осындай шаралар адамдар арасындағы ауыз біршілікті нығайтып, ұлттық бірегейлікті айқындайды.

Нұрдәулет Қалибеков