Өскемендегі Білім-инновация лицейінде ұстаздарға арналған тәжірибелік семинар ұйымдастырылды. Оған аудан мектептерінің мұғалімдері қатысып, білім беру мен тәрбие саласындағы озық тәжірибелермен танысты.
Семинар барысында лицей оқушылары өздерінің ғылыми жобалары мен шығармашылық жұмыстарынан көрме ұйымдастырды. Келушілер жас зерттеушілердің жаңашыл идеяларымен танысып, олардың жобаларына жоғары баға берді.
Рахман Оксюз, Білім-инновация лицейінің директоры:
Ұлан Білім басқармасы басшылығының ұйымдастыруымен лицейіміздің шаңырағында Ұланның 70 шақты физика, химия, биология, география, информатика пәндері бойынша ұстаздары келіп, тәжірибе бөлісуде. Мына жерге келіп, заманауи талаптарға сай білім оқыту үрдісі, дарынды балалармен жұмыстың, олимпиадаға дайындық жұмыстары және т.б құнды тақырыптар бойынша біздің мектебіміздің жүйесімен танысуға келіп жатыр. Сондай-ақ, оқушыларымыздың республикалық, халықаралық жобаларымен таныс болады.
Шараның мақсаты – ұстаз бен оқушы арасындағы байланысты нығайту. Сонымен қатар, мұғалімдер арасында кәсіби байланыстарды арттырып, ата-аналар қауымдастығымен жұмысты жетілдіру де басты назарда болды. Қазір 140 орынға арналған білім ордасында 225 оқушы білім алып жатыр. Лицей оқушылары жылдар бойы жоғары нәтижелер көрсетіп келеді. Олар республикалық және халықаралық олимпиадаларда жүлделі орындарға ие болып жүр. Олардың қатарында химия, биология және математика пәндері бойынша беделді жарыстардың жүлдегерлері бар. Сондай жетістікке жеткен дарынды, жалынды жастардың бірі – Теміршын Ноғайбаев.
Теміршын Ноғайбаев, Білім-инновация лицейінің оқушысы:
Бүгінгі таныстырып жатқан жобам – қағаз болгарка. Мысалы, бізде қағаз болгаркада темір пила ғой. Бірақ, біздің жобамызда пила қағаздан жасалған. Сіздер ойлауларыңыз мүмкін қағаз болса жыртылып қалады деп кейбір ағашты да кесуге болады.
Семинар аясында Ұлан ауданының мектептерінен келген педагогтар тәжірибе алмасып, білім беру үдерісінде қолданылып жүрген жаңа әдіс-тәсілдерді талқылады. Қатысушылар мұндай кездесулер өңірдегі білім сапасын арттыруға оң әсер ететінін атап өтті.
Раушан Дәрібаева, химия пәнінің мұғалімі:
Семинар жоғары деңгейде ұйымдастырылған. Біз оқушылардың информатика, физика, химия, биология бағытындағы жобаларымен таныстық. Балалардың білім деңгейі мен ізденісі ерекше әсер қалдырды. Сонымен қатар, лицей ұжымының кәсібилігі мен тәжірибесін көрдік. Қазір пәндер бойынша секциялық жұмыстарға қатысып, дарынды оқушыларды олимпиадалар мен жобаларға қалай дайындайтынын естіп, көріп жатырмыз. Өзіме болашақта оқушыларды ынталандыру мен дамытуға қатысты көптеген пайдалы ақпарат, тәжірибе алдым.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай семинарлар алдағы уақытта да жалғасып, ұстаз бен оқушы арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға мүмкіндік береді.
Фатима Тілейханқызы