Облыс орталығында ауқымды білім фестивалі – «ZERDELI FEST» өтті. Білім беру орталығы Наурыз мерекесіне орай мектеп оқушылары мен олардың ата-аналарын ерекше форматтағы мерекелік шараға жинады. Сайыстың мақсаты – ұлттық құндылықтарды дәріптеп, отбасылық бірлікті нығайту және білімді, жан-жақты дамыған ұрпақты тәрбиелеу.

Фестиваль аясындағы ең қызықты шаралардың бірі – ата-аналар мен балалар арасындағы интеллектуалдық сайыс – «Zerdeli Otbasy» куизі. Бұл сайыста 9 команда «Ең үздік зияткер отбасы» атағы үшін бақ сынады. Сонымен қатар, шара аясында «ZERDELI АРУЫ – 2026» байқауы да өтті. Сайысқа қатысушылар өз білімін, өнерін және шығармашылық қабілеттерін көрсетті.

Айсәуле Жұмақанова, Білім беру орталығының атқарушы директоры:

Бұл шараның ерекшелігі – қаламыздың барлық сыныптағы оқушылары қатыса алады. Бастауыш сынып, орта буын және билығы бітіретін түлектер деп бөліп, әрқайсысының өз деңгейінде білімін анықтау. Кішігірім сайыс ретінде өткізіп отырмыз. Негізгі мақсат – білім деңгейін анықтау ғана емес, ата-ана мен баланың қарым-қатынасын нығайту. Бірлік пен отбасылық құндылықты дәріптеу.

Фестиваль барысында көне дәстүрлер де жаңғырды. Қонақтарға ұлттық тағамдар ұсынылып, «наурыз көже» таратылды. Бұдан бөлек, кәсіби фотосессия мен ұлттық ойындар ұйымдастырылды. Мерекелік көңіл-күйді орталық оқушыларының музыкалық нөмірлері, атап айтқанда күй, әуендері және салт-дәстүр негізінде қойылған көріністер толықтырды.

Камила Сайлаубек, фестивалге қатысушы:

Мен Зерделіні өте қатты жақсы көремін. Зерделіде менің көп достарым бар. Мен Зерделіге қатысып, математикадан орын алдым. Наурыз мейрамы құтты болсын!

Мұндай формат шараның ауқымын кеңейтіп, қатысушыларға ерекше атмосфера сыйлады. Ата-аналар балаларын қолдап, интеллектуалдық тапсырмаларды бірге орындады. Ұйымдастырушылардың айтуынша, ата-аналардың белсенді қатысуы балалардың білімге деген қызығушылығын арттырып, отбасылық құндылықтарды нығайтады.

Әсем Сералинова, қала тұрғыны:

Отбасылық фест өте жоғары деңгейде өтіп жатыр. Көңілімізден шығып жатыр. Наурыз тек жақсылық, бақыт, байлық алып келсін. Осындай қала бойынша, республка бойынша Зерделі сияқты білім ұйымдары ашыла берсін. Көңіліміз тоқ. Балаларымыз жақсы білім алып жатыр.

Фестиваль барлық қатысушылар үшін нағыз мерекеге айналды. Балалар өз қабілеттерін көрсетіп, жақындарының қолдауын сезінді. Мұндай бастамалар білімге деген қызығушылықты арттырып қана қоймай, достық пен өзара ұжымдық мәдениетті қалыптастырады.

Фатима Тілейханқызы