Ұлан ауданына қарасты Бозанбай ауылында әз-Наурыз мерекесі кең көлемде аталып өтті. Көктемнің шуақты мейрамына орай ұйымдастырылған шара ауылдық округ аумағында өтіп, тұрғындар мен қонақтарға ерекше көңіл-күй сыйлады. Ұлттық нақышта безендірілген алаңда қазақ халқының салт-дәстүрлері дәріптеліп, көпшілікке тағылымды көріністер ұсынылды.

Мерекелік жиынға ауданын әкімі Арман Бекбосынов арнайы қатысып, жиналғандарды Ұлыстың ұлы күнімен құттықтады. Аудан басшысы өз сөзінде Наурыз мейрамының бірлік пен татулықтың символы екенін атап өтіп, ауыл тұрғындарына игі тілегін білдірді.

Раушан Мұқашева, Бозанбай ауылдық округінің әкімі:

Бүгін бізде әз-Наурыз тойланып басталды. Ауыл тұрғындары арасында киіз үй сайысы өтеді. Қазір бірінші түейлі көш-керуені жүреді. Жылда тай көтеру сайысын ұйымдастырамыз, аударыспақ ұлттық спрот осында дамыған. Біз биыл киіз үйлер сайысын қостық.

Шара барысында тұсау кесу рәсімі сахналанып, көпшілік назарына ұсынылды. Бұл – ұрпақ тәрбиесіндегі маңызды дәстүрлердің бірі ретінде көрініс тауып, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді. Сонымен қатар, ұлттық құндылықтарды насихаттайтын өзге де шаралар ұйымдастырылып, мерекенің мазмұнын аша түсті.

Маркс Мажитбан, ауыл тұрғыны:

Қасиетті айт мерекесіне орай өзіміздің қазақтың жаңа жылы. Наруыз мерекесін Бозанбай халқы қуанышпен жоғарғы көңіл-күймен тойлатып жатыр. Әрқашанда осы наурыз мерекесі қазақ еліне құтты берекелі меркелі бақ әкелсін.

Бүркітшілер ауылы атанып кеткен Бозанбай жұртшылығы бұл күні де өз ерекшелігін паш етті. Құсбегілік өнердің көріністері ұсынылып, ұлттық болмыстың айшықты белгісі көпшілікке кеңінен таныстырылды. Бұдан бөлек, ауыл ішінде киіз үйлер тігіліп, олардың арасында ерекше сайыс өтті. Әрбір шаңырақ өздерінің ұлттық дәстүрге деген құрметін көрсетіп, қонақжайлық пен сән-салтанатты үйлестіре білді.