Облыс орталығында көктемнің шуақты, ұлық мерекесі Әз-Наурыз кең ауқымда тойланды. Мерекелік шаралар қаланың барлық аумағын қамтыды. Өңірдегі ірі кәсіпорын «Казцинк» ЖШС қолдауымен «Достық үйі» - қоғамдық келісім орталығының алдына киіз үйлер тігіліп, дүйім жұртқа арналған ойын-сауық бағдарламасы ұйымдастырылды.

Наурыз – жаңару мерекесі. Ұлыстың ұлы күнін тойлауға арналған думанды мерекеде ақжарма тілектер айтылды. Халықтар достығы мен береке-бірлігін паш ететін концерттік бағдарлама ұсынылды.

Андрей Лазарев, «Казцинк» ЖШС әкімшілік мәселелер жөніндегі басқарушы директоры:

Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамы құтты болсын! Бұл жаңару мен жаңғырудың, бейбітшілік пен берекенің мерекесі әр шаңыраққа шаттық әкелсін. Әр үйде ырыс-дәулет мол болсын. Жүректерде жылу мен мейірім орнасын. Ортақ шаңырағымыз – Қазақстан Республикасы әрдайым тыныштық пен берекеге бөленсін. Наурыз мейрамы құтты болсын!

Сахна төрінде Достық үйінің шығармашылық ұжымдары мен этномәдени бірлестіктерінің өкілдері мерекеге жиналған қауымды өз өнерлерімен тәнті етті.

Азамат Сейітханұлы, Облыстық Достық үйі – қоғамдық келісім орталығы басшысының орынбасары:

Концерттік бағдарламалардан балаларға да шара конкурстық ойындар қарастырылған. Спорттық ойындар, балаларға үлкен кісілерге барлық осы Наурызды тойлау үшін кең шаралар жасалынып жатыр. Барша қазақстандықтарды және шығысқазақстандықтарды көктемнің шуақты мерекесі, жаңару мерекесі Наурызбен шын жүректен құттықтаймын. Еліміз аман- жеріміз тыныш болсын дегім келеді.

Қала тұрғындары мен қонақтары бір – бірін әз – Наурыз мерекесімен құттықтап, жылы лебіздерін білдірді.

Анжелика Шабданбекова, қала тұрғыны:

Осы Достық үйі қоғамдық келісім орталығы ұйымдастырған Наурыз отбасыларды біріктіреді деген байқауға қатысып, жүлделі бірінші орынды иеленіп алдық. Осындай байқаулар, біздің мемлекетіміздегі барша отбасыларды біріктіретін сеніміміз мол. Барша қазақстандықтарды келіп жеткен Наурыз мерекесімен шын жүректен құттықтаймыз. Отбасыларыңызға амандық тілейміз. Береке бірлік, татулығымыз нығая берсін.

Яна Киреева, қала тұрғыны:

Маған мұндағы атмосфера қатты ұнады. Барлығының көңіл – күйі көтеріңкі, керемет. Жыл сайын мереке кең көлемде аталып өтеді. Қызықты байқауларда ұйымдастырылған. Концерттік бағдарлама да жоғары деңгейде. Өкінішке қарай, байқауларға қатысып үлгермедім, бірақ сырттай бақылаудың өзі тамаша. Баршаңызға бақыт, жақсылық, махаббат тілеймін! Әр отбасы молшылықта өмір сүрсін. Наурыз құтты болсын!

Клара Зияданова, қала тұрғыны:

Осы достық үйінің алдында өтіп жатқан Наурыз мерекесіне отбасымызбен туған – туыстармен жыл сайын келеміз. Мереке өте көңілді өтіп жатыр. Концерттері өте әдемі, халық көп жиналған. Оның үстіне ұлттық ойындар, балаларға арналған ойындар жақсы жүріп жатыр. Өте ұнады. Наурыз мерекесі құтты болсын, елімізе тыныштық болсын. Әр отбасында ынтымақ, береке болсын. Басымыз аман, деніміз сау болсын.

Наурыз мерекесі қала тұрғындары мен қонақтарына ерекше көңіл-күй сыйлады.

Гүлдана Айдарқызы