Өскеменде «Digital Nauryz» цифрлық жобалар көрмесі өтті. Ауқымды шарада көпшілікке цифрлық полицияның заманауи жабдықтары, тікелей-трансляция жүргізетін ұшқышсыз ұшу аппараттары, жүргізушісіз автокөлік пен телекоммуникациялық компаниялардың инновациялық жобалары ұсынылды. Аймақтағы Төтенше жағдайлар қызметі де өздерінің бірқатар цифрлық әзірлемелерін таныстырды.

Көрме екі бөлімнен тұрды. Алдымен сауда орталығы алдындағы алаңда полиция мен төтенше жағдайлар қызметінің заманауи техникалары көрсетілді. Ал көрменің екінші бөлігінде келушілер «цифрлық полицейдің» жабдықтарын көріп, дрондардың жұмысын экран арқылы бақылады. Сонымен қатар, пилотсыз автокөлік таныстырылды.

Нұрымбет Сақтағанов, Шығыс Қазақстан облысының әкімі:

Біз бүгінгі күні жаңа технологияларды ауылшаруашылығына, өндірісте, қалалық инфраструктураға қауіпсіздік жағдайы аясында қолданып отырмыз. Бұлар өмір сүру деңгейін ерекше жоғары деңгейде көтеретін ғылыми техникалық жетістік. Біздің өңір инновация тартатын, инвестиция тартатын, жаңа технологиялар тартатын өңірге айналуымыз керек. Ол үшін біз жастарға, кәсіпорындарға жағдай жасай отырып жаңа технологиялармен циврлық өңірге айналу үшін барлық жұмыстарды жасайтын боламыз. Және тағы бір айта кететіні Наурыз жаңару уақыты, ал жаңа технологияларды жаңашылтықтың жаршысы есепті бір бірімен үйлесім тауып отырғаны көңіл қуантады.

Айта кетейік, бұл көрме «Nauryz Digital» онкүндігі аясында ұйымдастырылды. Он күн бойы өңірде IT саласына қатысты бірқатар маңызды іс-шара өтті.

Ғани Құсайынов, ЖОО студенті:

Мен осы «Digital Nauryz» шарасының қатысушысымын. Бүгін көрсету үшін жасанды интеллект қосылған роботымды алып келдім. Бүгін көптеген роботтарды көрдім, соларға қатысты болашақта технологияларды пайдаланып, жасанды интеллектіні пайдаланып қазақи ойындарды жасауға ниеттендім.

Жалпы, «Nauryz Digital» апталығы өңірдегі IT қауымдастықтың басын қосып, жастарға жаңа мүмкіндіктер ашқан маңызды алаңға айналды. Ұлттық құндылық пен заманауи технологияны ұштастырған бұл бастама алдағы уақытта да жалғасын табады.

Бекарыс Секен