Зайсан ауданында Ұлыстың ұлы күні – Әз Наурыз мерекесі кең көлемде тойланды. Көктемнің келуін айшықтайтын мерекеге аудан тұрғындары мен қонақтары жиналды. Орталық алаңда тігілген киіз үйлер мен ұлттық нақыштағы безендірулер мерекенің ажарын ашып, көпшілікке көтеріңкі көңіл күй силады. Елдімекенге арнайы барып қайтқан тілші Нұртас Қайролдаев тарқатсын.
Алаңға алдымен атты шеру шығып, қазақ халқының ерлік рухы мен көшпенділер мәдениетін бейнеледі. Көпшілік алдында Қыдыр ата бата беріп, елге амандық пен береке тіледі. Бұдан кейін бүркітшілер шеруі өтіп, саятшылық өнердің тағылымы таныстырылды. Ал ұлттық нақыштағы шеру барысында бұрымды қыздар мен көктем аруы жүріп өтіп, табиғаттың жаңаруы мен жастықтың сұлулығын бейнеледі. Сондай-ақ ақ жаулықты әжелер мен ақсақалдар шеруі ұрпақтар сабақтастығы мен үлкенге құрмет, кішіге ізет секілді ұлттық құндылықтар дәріптелді.
Аэлита Ахметсәлімқызы, Зайсан ауданының әкімі:
Ардақты жерлестер қонақтар баршаңызды ұлыстың ұлы күні наурыз мерекесімен шын жүректен құттықтаймын. Әз наурыз тазару, жаңару уақыты. Көктеммен бірге келетін бұл күн халқымыздың сан ғасырлық дәстүрі мен рухани байлығымыздың айқын көрінісі. Наурыз әр шаңыраққа қуаныш, амандық пен молшылық алып келсін.
Мерекелік бағдарлама аясында ұлттық ойындар мен спорттық жарыстар ұйымдастырылып, тұрғындар мен қонақтар қазақтың дәстүрлі ойындарына белсене қатысты. Бұл — Наурыздың тек думан ғана емес, ұлттық рухты көтеретін мереке екенін тағы бір мәрте көрсетті.
Болатбек Балғабаев, “AMANAT” партиясының Зайсан аудандық филиалының төрағасы:
Наурыз тойы үлкен ауқымда ұлттық ойындар, спорт сайыстары болып жатыр. Әз Наурыз құтты болсын. Наурызбен келген ораза айт қабыл болсын. Жақында ата заңымыз қабылданды. Ол да халқымыз үшін үлкен шара. Сондықтан әр отбасыға, елімізге тыныштық пен бақ-береке, ынтымақтастық тілеймін.
Ұлыстың ұлы күні – елді бірлікке ұйыстырып, ұлттық дәстүрді жаңғыртатын мереке. Зайсандағы думанды шараға жиналған жұртшылық та Наурыздың берекелі мәнін ерекше атап өтті. Көпшілік ұлттық киім киіп, салт-дәстүр көріністерін тамашалап, мерекелік көңіл күйге бөленді.
Жазира Ибраева, аудан тұрғыны:
Ат шерулерін, көктем қызын көрдік. Спорттық шаралар ұйымдастырылып жатыр екен. Біздің кигіз үйіміздің жанында бұрын болмаған бұрымды қыздардың шеруі өтті. Өте әдемі деп ойлаймын. Өте жақсы ұйымдастырылған.
Ұлыстың ұлы күніне арналған мерекелік шара ұлттық салт-дәстүрді жаңғыртып, елдің бірлігі мен татулығын тағы бір мәрте айшықтады.
Нұртас Қайролдаев