Әз Наурыз мерекесін Зайсан ауданына қарасты Қаратал ауылының тұрғындары да көтеріңкі көңіл-күймен қарсы алды. Елдімекен тұрғындары үшін наурыз көже дайындалып, тәттілер таратылды. Мерекелік шара барысында спорттық ойындар ұйымдастырылды.

Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекелік шерумен басталды. Ауыл тұрғындары ұлттық нақыштағы киімдерін киіп, бір-біріне ақжарма тілектерін арнады. Ұлттық спорт түрлерінен – ләңгі тебу, асық ату, арқан тарту сайыстары да ұйымдастырылып, кім мықтылар анықталды.

Мұқан Зайтынов, Қаратал ауылының тұрғыны:

Наурыз тойын жылда біз жақсы тойлаймыз. Барлығын еске түсіреміз, өткен кеткенді. Қазақша киініп, қазақша батамызды береміз. Жылда наурыз тойы әйбәт өтеді Қараталда. Ат шеруін ұйымдастырып, ескіні еске түсіріп жатырмыз. Алғаш рет 87 жылы алғаш басталғанда ескі колхозбен ұйымдастырып соның барлығын көрсеткенбіз.

Мерекеге арнайы келген қонақтарға наурыз көже мен түрлі тәттілер тегін таратылды. Ауыл тұрғындары көңілді, көтеріңкі көңіл-күймен Ұлыстың ұлы күнін қарсы алды.

Бикен Тоқтасынова, Қаратал ауылының тұрғыны:

Ауылымыз көркейіп өркендегенін осыдан білесіздер. Осындай шеру жасап, мереке жасап жатқан ауыл әкіміне де барлық қызметкерлеріне көптен көп рахмет айтамыз.

Мерекелік шарада «Бір қабатты Шығыс» өңірлік бағдарламасы аясында салынған тұрғын үйлердің кілті табысталды. Бұл жолы округте 18 отбасы баспаналы болды.

Мереке Сайранов, Қаратал ауылдық округінің әкімі:

Қаратал ауылдық округінде Ұлыстың ұлы күні Наурыз мерекесі тойланып жатыр. Осы мереке қарсаңында «Бір қабатты Шығыс» өңірлік бағдарламасы аясында тұрғын үйлер салынған болатын. 18 отбасы баспаналы болды. 8 отбасы көп балалы, 10 отбасы әлеуметтік осал топ санатындағы отбасылдар.

Баспана алғандардың бірі –Құралай Әлібаева. Көпбалалы ана төрт бөлмелі пәтердің иесі атанды. Ол жауапты тұлғаларға өз ризашылығын білдірді.

Құралай Әлібаева, көпбалалы ана:

Наурыз мерекесінде баспаналы болып жатқан жәйіміз бар. Осы баспанамен қамтамасыз етіп отырған президентімізге аудан әкіміне рахмет айтамыз. Осындай баспанамен мұқтаж жандар қамтамасыз етіліп баспаналы болса екен дейміз.

Қаратал ауылындағы Наурыз мерекесі – ауыл тұрғындарын береке – бірлікке шақырды.

Нұртас Қайролдаев