Өскеменде Шығыс Қазақстан облысы әкімдігінің қолдауымен «AMANAT» партиясы және Айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің халықаралық одағының ұйымдастыруымен «Алтайым – алтын бесігім» атты республикалық командалық айтыс алғаш рет өтті. Жыр додасында Шығыс Қазақстан және Қарағанды облыстарының өнерпаздары сүре, түре, қайым, сондай-ақ қыз бен жігіт айтысы бойынша сынға түсті. Бұдан бөлек сахна төрінде дәстүрлі әндер шырқалып, жыр-термелер орындалып, күмбірлеген күй тыңдарманның рухын асқақтатты.

Бес өнерді тоғыстырған жыр додасына екі өңірдің кіл мықтылары қатысып, өзара сынға түсті. Шығыстың командасын айтыскер ақын Серік Құсанбаев, Қарағанды командасын айтыскер ақын Айтбай Жұмағұлов бастап шықты. Екі өңірдің өнерпаздары да осал емес, кіл мықтылар. Өз кезегінде аймақ басшысы өнерпаздарға сәттілік тілеп, ақжарма тілегін жеткізді.

Нұрымбет Сақтағанов, Шығыс Қазақстан облысының әкімі:

Айтыс десе көз алдымызда қазыналы қазақ халқының ұлттық болмысы, салт-санасы, сан ғасырлық мәдениеті елестейді. Айтыс ұлттың жаны, төл өнердің ұлы көші. Осы дүбірлі көшке Шығыс өңірінде біз де қолымыздан келгенше өз үлесімізді қосып, барынша қолдау білдіріп келеміз. Былтыр ашылған Ақтан Нұрбаев атындағы облыстық ақындар мектебі өнерге ынтасы бар талай жастың қанатын қатайтып, талабын шындап, топқа қосып келеді.

Айтысты осы жобаның авторы, сөз өнерінің шебері Аманжол Әлтай жүр-гізіп, жыр додасының шырайын кіргізді.

Серік Құсанбаев, ШҚО командасының капитаны, айтыскер ақын:

Бұл өзі қазақтың кең сахарасында бір облыстан бір облысқа ақырын жылжып бара жатқан ұлы өнердің керуенін елестетеді көз алдыңызға. Олай дейтін себебіміз бұрын біздегі айтыстар жиылып алып 7-8 ақынды шақырып алып, қоя беретін. Бұл жолғы айтыстың жөні бөлек, орны бөлек, жобасы бөлек.

Айтбай Жұмағұлов, Қарағанды командасының капитаны, айтыскер ақын:

Биылғы сайыстың өзіндік ерекшелігі бар. Бұл өнер сайысында ешкім жеңіліске ұшырамайды. Өйткені халықты рухани байыту елдің руханиятын дамыту бәріміздің мақсатымыз, мұратымыз бір. Сондықтан ән тыңдап, жыр тыңдап, күй тыңдап оның ішінде аламан айтысқа ерекше көңіл бөлген халық рухани байып қайтады деп ойлаймын.

Өнер сайысының әділ бағасын ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жүрсін Ерман бастаған мәдениет және әдебиет саласының айтулы азаматтары берді. Әр ақынның шеберлігі мен суырыпсалмалық деңгейіне лайықты төрелік жасады.

Жанарбек Әшімжан, қазылар алқасының мүшесі, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

ШҚО командасы талантты қыз-жігіттерден өнер тарландарынан құралған. Қарағанды облысын өздеріңіз білесіздер дәстүрі бар, талай аламандарда оза шапқан жүйріктері бар. Сондықтан бүгін Өскеменнің басында өтіп жатқан үлкен жыр мерекесі айтыс мерекесі әншілердің, дәстүрлі өнердің үлкен жалауын көтерген үлкен бәйге. Қара қылды қақ жаратын қазылар алқасына мін жоқ. Бұл жерде барлық мәселе өнер көрсететін, сахнаға шығатын азаматтарға байланысты. Біз ағын адалын таза бағасын береміз.

Сөз барымтасында облыс намысын әр жанр бойынша сынға түскен өнерпаздар қорғады. Түре айтыста Қуаныш Еркінұлы, сүре айтыста Ардабек Ақбаба, қайым айтыста Серік Қуанған, қыз бен жігіт айтысында Жұлдызай Маратбекқызы өз шеберліктерін паш етті. Күйші Естай Матабаев қарағандылық Балқан Смағұловпен күйтартыста көптің ықыласына бөленді. Домбыраның қос ішегінен төгілген әуезді әуен тыңдарманның жүрегінен жол тапты.

Өнерге шөлдеп қалған көрермен әр тартыс сайын қол шапалақтап, рухани кештің әсерін еселей түсті.

Гүлжан Қасенова, қала тұрғыны:

Айтыс бүгін керемет өтіп жатыр. Өр Алтайдың төрінде, Өскеменнің жерінде. Өскемен халқы айтысқа шөлдеп қалыпты. Кісілердің қарасы өте көп. Еңкейген кәріге шейін, жастарға шейін өте жақсы дәрежеде енді осыдан былай да осындай айтыстар өтсін деп ойлаймын.

Сағдат Саманова, қала тұрғыны:

Қойнауында құйма алтын, төскейінде түйме алтын Алтайым -алтын бесігім аман болсын әз халқым деп, тілеулес болып бүгінгі айтысқа келіп қалдық. Көп халық жиналды. Бүгін де жарты халық далада тұр симай. Жалпы көпшіліктің айтысқа деген қызығушылығы өте жоғары.

Тартысты өткен жыр сайысының қорытындысы бойынша Шығыс Қазақстан командасы 156:154 есебімен келесі кезеңге жолдама алды. Қос команда мүшелеріне облыс әкімінің Алғыс хаттары мен арнайы ақшалай сыйлығы табыс етілді.

Салтанат Кеңесбекқызы