Өскеменнің Күленов кентінде ерекше Наурыз өтті. Ерекшелігі сол, Ұлыстың ұлы мейрамын Әлия Молдағұлова көшесінің тұрғындары бір кісідей жұмылып, жоғары деңгейде ұйымдастырды.
Көктемнің басты мерекесі — Наурыз мейрамына Күленов кентінің тұрғындары қарқынды дайындалған. Әркім өз үлесін қосып, орталық көшеге киіз үйлер тігілді. Қонақтарға арналып ақ дастархан жайылып, ұлттық тағамдар қойылды.
Сабыр Оспанов, облыстық ақсақалдар кеңесінің мүшесі:
Бұл қазақ халқының ежелден тойлап келе жатқан тарихи мерекелері. Халық өте құлшынады. Өйткені мұның мақсаты қазақтың салт – дәстүрін келер ұрпаққа дәріптеу. Ел аман болсын, жұртымыз тыныш болсын, ұлыс оң болсын, ақ мол болсын. Бақытты болсын халқым.
Шара аясында концерттік бағдарлама ұйымдастырылды. Өнерпаздар сахна төрінде ән шырқап, мың бұрала би биледі. Жиналғандар түрлі байқауға қатысып, бақ сынасты.
Мерекелік шаралар аясында ұлттық құндылықтар ұлықталып, ата-бабадан мирас болған салт-дәстүрлер кеңінен насихатталды.
Гүлдана Айдарқызы