Ұлан ауданы Қасым Қайсенов кентінде бокстан жасөспірімдер арасында облыстық турнирдің ашылу салтанаты өтті. Жарыс КСРО спорт шебері, ҚР құрметті қайраткері Николай Канабековты еске алуға арналған.
Салтанатты шара барысында қатысушылар сап түзеп, турнирге қатысушы командалар таныстырылды. Жарыстың ашылуында құрметті қонақтар жас спортшыларға сәттілік тілеп, сайыстың маңыздылығын атап өтті. Тартысты бәсекеге Қазақстан бокс Федерациясының жаттықтырушылармен жұмыс жөніндегі Вице-Президенті Қайрат Сәтжанов келді.
Қайрат Сәтжанов, Қазақстан бокс Федерациясының жаттықтырушылармен жұмыс жөніндегі Вице-Президенті:
Жас балалар біздің Қазақстан боксының болашағы ғой. Болашақта жастар құрамасына, одан ары қарай ересектер құрамасына ауысады. Осы жарыстарға қатысып, өздерінің техникалық шеберліктерін шыңдайды. Тәжірибе алады. Бапкерлер де өздерінің еңбектерінің жемісін көреді. Ал, енді ағамыз жақсы азамат болған. Болашақта бұл жарысымыз халықаралық дәрежеде өтеді деген сенімдеміз.
Дүбірлі дода 2013–2014 жылы туған жасөспірімдер арасында ұйымдастырылды. Турнирге өңір мен Абай облысынан келген 130-ға жуық жас спортшы қатысуда.
Жігер Жандосұлы, жарысқа қатысушы (Ұлан ауданы):
Бокспен айналысқаныма 6 жыл. Осыған дейін жарыстарға көп қатыстым. Жаттықтырушым Берік Мусин. Осыған дейін Талдықорған қаласында болған ҚР чемпионатының жеңімпазымын. Сондай-ақ, көптеген облыстық, республикалық чемпионаттардың жеңімпазымын. Бокспен айналысқан өте жақсы. Өзіңді шынықтырасың. Өзімнің қарсыластарыма сәттілік, өзіме жеңіс тілеймін. Осы жарыста чемпион боламын деген ойдамын.
Арсен Қаныбеков, жарысқа қатысушы (Өскемен қ.):
Мен боксқа тоғыз жастан бастап қатысып жүрмін. Қазір он бірдемін. Міне екі жыл бойы еңбек етіп жүрмін. Бокс маған қатты ұнайды. Арманым – Олимпиада, Әлем чемпионы болу.
Былғары қолғап шеберлері төрт күн бойы түрлі салмақ дәрежелері бойынша өзара кім мықтыны анықтайды.
Марат Мұзапаров, ШҚО грек-рим, еркін және әйелдер күресі федерациясының Президенті:
Осы рингтен боксшыларымыз облыстан жеңіп, Қазақстан біріншілігіне барып, ары қарай Азия чемпионатында, Әлем чемпионатында үлкен жеңіске жетсе шын жүректен қуанамыз.
Айта кетейік, Николай Канабеков – Ұлан ауданының тумасы. Ол КСРО-ның бокстан спорт шебері атанып, өмірін спорт саласының дамуына арнаған. Әр жылдары балалар мен жасөспірімдер спорт мектептерінде басшылық қызмет атқарып, жас спортшыларды тәрбиелеуге үлкен үлес қосты. Турнирге оның туған туыстары мен жақындары да келді.
Анара Жантасова, Н.Канабековтың қарындасы:
Менің ағам Николай Николаевич Канабеков - бала кезінен өмірін спортқа арнаған. Бокс, хоккей, көптеген спорт түрлеріне қызығушылық танытқан. Үлкен әулеттің ішінен оның спорт саласындағы еңбегін жалғастыру мүмкіндігі маған бұйырғанына қуаныштымын. Өкінішке қарай, қазір ағамыз арамызда жоқ. Бірақ, осындай шаралардың өтіп тұруы біз үшін қуаныш. Себебі бұл оның ұмытылмағанын, өңірімізде оның есімі мен еңбегі әлі де үлкен мәнге ие екенін көрсетеді.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл турнир жас өрендердің тәжірибе жинап, шеберлігін шыңдауына мүмкіндік береді. Жарыста топ жарған үздіктер 27 наурыз күні анықталады.
Фатима Тілейханқызы