Риддерде Наурызнаманың 10 күндігі аясында «Жеңіс кубогын» табыстау рәсімі өтті. Шара қысқы спорт маусымының табысты қорытындыланып, жазғы спорт кезеңінің басталғанын айшықтайды. Спорт мерекесіне кеншілер қаласының спорт мектептері мен спорт клубтары қатысты.

Салтанатты шеруге 300-ден астам спортшы қатысты. Ауқымды шараға жиналған қала тұрғындарына спорт саңылақтары өз өнерлерін көрсетіп, шеберліктерін паш етті.

Қанат Оралбек, Риддер қ. ішкі саясат, мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлімінің басшысы:

Шарамызда жалпы 300 астам спортшы қатысып отыр. Бұл жерде спорттың 20 түрінен келіп отыр. Жаттықтырушылар бар. Спорт сүйер қауым бар. Балаларымыз бар. Жалпы Риддер қаласының спортшылары ел намысын қалықаралық додаларда лайықты қорғап жұрген өз орны бар мықты спортшылар.

Риддерде спорт саласы қарқынды дамып келеді. Қалада түрлі спорт түрлерімен айналысатын жастардың қатары көбейіп, білікті спортшылар саны артып отыр. Соңғы жылдары өңірде армрестлинг пен ат спортына бет бұрғандар қатары көп.

Әділжан Дюсупов, Риддер қ. балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің жаттықтырушысы:

Қол күресіміз Риддерде 2017 жылдан бері дамып келеді. Біздің залдан екі дүркін әлем чемпиондары, әлем чемпионатының жүлдегерлері мен чемпиондары шығып жатыр. Өте көп саны. Бұл қол жетімді спорт түрі болғандықтан балалардың да қызығушылығы жоғары. 50 астам бала келіп айналысады. Енді әлем бойынша Қазақстан қол күрестен бірінші тұрған мемлекеттің бірі. Мақтан тұтып айтуымызға болады. Ары қарай еліміздің көк туын желбіретуге дайынбыз. Сол үшін жұмыс жасаймыз.

Екатерина Худякова, «G.HORSE.RIDDER» ат клубының жетекшісі:

Біздің клубта шамамен 30 спортшы бар. Олар әртүрлі бағыт бойынша жаттығуда. Риддер қаласында ат спортының, оның ішінде ұлттық спорт түрлерін насихаттап келеміз. Бәйге сияқты жарыстарға қатысамыз. Сондай-ақ көкпармен айналысатын спортшыларымыз да бар.

Мұндай спорттық бастамалар қаладағы бұқаралық спорттың дамуына серпін беріп, жас спортшылардың жаңа белестерді бағындыруына жол ашады. Риддерлік атлеттер алдағы уақытта да ел намысын абыроймен қорғауды мақсат еткен.