Өскемендегі Облыстық драма және оперетта театрының сахнасында көптен күткен «Тақиялы періште» спектаклінің премьерасы өтті. Аймақтың мәдени өміріндегі елеулі оқиғаға айналған қойылымға қала тұрғындары көптеп жиналып, өнер мерекесінің куәсі болды.
Уақыт сынынан өткен бұл туынды — ұлттық бояуы қанық, адамгершілік құндылықтарды арқау еткен классикалық шығарма. Қойылымда махаббат пен отбасы, дәстүр мен ұрпақ сабақтастығы тақырыптары нәзік әзіл-қалжыңмен, шынайы сезіммен көркем жеткізілді. Кейіпкерлердің ішкі жан дүниесі мен тағдыры арқылы адам болмысының терең қырлары ашылды.
Руслан Қайырсынов, Облыстық драма және опертта театрының директоры:
Өздеріңізге мәлім, жұртшылыққа мәлім оның ішінде ШҚО тұрғындарына мәлім биыл оперетта театрының екінші маусымы. Өте бір жақсы деңгейде көріп отырғандай халықтың келуі күннен күнге жылдан жылға өсіп келе жатыр. Біздің облыста төрт тетарымыз бар. Облысымызда осындай театрлар көбейе берсін, өнер ордасы көбейе берсін. Сонда біздің өсіп келе жатқан келешек ұрпағымыз әрқашан биік мәдениетті деңгейде көп белестерді бағындырады деп сенемін.
Жаңа қойылым классикалық дүниені заманауи тұрғыда қайта пайымдап, оның рухани өзегін сақтай білген. Сахнадағы әр көрініс заманауи режиссерлік шешімдермен толықтырылып, бүгінгі көрерменнің талғамына сай ұсынылды.
Роман Степенский, қойылым режиссері:
Бұл отбасылық спектакль, оны бүкіл отбасы болып келіп тамашалауға болады. Менің ойымша, бұл қойылым ұлттық қазақы бояуы бар, көпшілікке сүйікті фильмнің негізінде жасалғандықтан, көрерменге қызықты болады. Біз оны «Тақиялы періште» фильмі желісімен қойдық, яғни оқиға қазіргі заманда өтеді. Әрине, қойылымды сахналау барысында қиындықтар болды. Ең үлкен қиындық – әртістердің әртүрлі жерде жұмыс істеуі. Себебі, мұнда балет те, хор да бар.Соған қарамастан, барлығы өте қызықты, талантты жандар.
Спектакльде театрдың солистері, хор, оркестр мен балет әртістері бірлесе өнер көрсетті. Музыка, вокал, би және актерлік шеберлік үйлесім тауып, сахнада тұтас бір көркем әлем қалыптастырды. Әрбір көрініс көрерменге ерекше әсер сыйлап, эмоциялық тереңдікке жетеледі.
Абай Қайырбек, облыстық драма және оперетта театрының солисі:
Бүгінгі біздің ең алғашқы премьерамыз «Тақияалы періште» атты спектакльміз болады. Ең басты роль Тайлақ рольін ойнаймын. Өзіме өте ұнайды бұл роль. Себебі өмірде де қарағанда характеристикасы келеді. Бүкіл әріптестерімізге рақмет айтқым келеді. Бұл спектакльде жалғыз адам ойнуы мүмкін емес, барлығымыз бірге жұмыла осы спекткальді дайындадық.
Қойылым барысында көрермендер әртістердің еңбегіне жоғары баға берді. Бұл премьера тек жаңа спектакльдің таныстырылымы ғана емес, сонымен қатар өңір мәдениетінің дамуына серпін беретін маңызды оқиғаға айналды.
Нұрдәулет Қалибеков