Өскеменде RoboBastau жобасы бойынша білім алып жүрген мектеп оқушылары арасында робототехникадан турнир өтті. Оқушылар бірнеше инженерлік бағыт бойынша өз дағдыларын көрсетті. Турнир қорытындысы бойынша жеңімпаз командалар мамыр айында елордада өтетін халықаралық Robotek Grand Tournament Astana чемпионатына жолдама алды. Жоба – Robotek робототехника мектебі тарапынан «Казцинк» компаниясының қолдауымен жүзеге асырылуда.

Жобаға 80 мектептен 560-тан астам оқушы қатысып отыр. Барлығы 40 команда құрылған. Оқушылар робототехникамен тұрақты түрде айналысып, механика, инженерия және бағдарламалау негіздерін меңгеруде.

Санжар Шалқарбеков, Robotek робототехника мектебінің директоры:

Осы жоба аясында 22 мұғалім жұмыс істеп жатыр. Олар – біздің ұйым тарапынан арнайы оқытудан өткен информатика пәнінің мұғалімдері. 3 қарашадан 25 мамырға дейін, яғни 30 апта бойы балаларға робототехникадан сабақ береді. Әдістемеге сәйкес, бұл – жүйелі әрі сапалы білім. Ол оқушыларға жаңа технологиялар әлемін ашуға мүмкіндік береді.

Бұл іріктеу кезеңі – турнирдің қорытынды сатысы. Жеңімпаздар 12–13 мамыр күндері Астанада өтетін Robotek Grand Tournament Astana халықаралық финалында облыс намысын қорғайды.

Андрей Лазарев, «Казцинк» ЖШС әкімшілік мәселелер жөніндегі басқарушы директоры:

Мемлекет басшысы бұл жылды цифрлық технологиялар жылы деп жариялады. Сондықтан, қазіргі заманды бұл саласыз елестету мүмкін емес. Қазір өз жобаларын көрсетіп жүрген балалар –Илон Маск, Стив Джобс, Марк Цукерберг сияқты танымал тұлғалар болуы әбден мүмкін. Әрине, олардың арасынан кімнің жұлдызы жанатынын дәл қазір айту қиын. Бірақ, көп жағдайда дәл осындай қарапайым балалардың арасынан кейін нағыз данышпандар мен жұлдыздар шығып жатады.

Қатысушылар үшін бұл жарыс инженерлік дағдыларын дамытуға және тәжірибе жинауға мүмкіндік береді.

RoboBastau секілді жобалар мектеп оқушыларына цифрлық технологиялар әлеміне жол ашып, жаңа мүмкіндіктерге жетелейді.

Фатима Тілейханқызы