Күршім өңірін ұзақ жылдар бойы басқарған Алтайбек Сейітұлына арналған еске алу шарасы жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Тағылымы мол кешке оның көзін көрген замандастары, қызметтес болған әріптестері мен жақындары жиналып, азаматтың елге сіңірген еңбегін құрметпен еске алды.

Аудан жұртшылығы ел дамуына сүбелі үлес қосқан азамат – Алтайбек Сейітұлын сағынышпен еске алды. Тағзым кешіне жиналған қауым оның саналы ғұмырын, ел басқарудағы іскерлігін және адамгершілік қасиеттерін ерекше ықыласпен атап өтіп, оның ескерткішіне гүл шоқтарын қойды. Ол Күршім ауданын басқарған жылдары өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына тың серпін беріп, халықтың әл-ауқатын арттыруға күш салған. Қазіргі аудан басшысы да оны елге жақын, қарапайым әрі талапшыл басшы ретінде дәріптеді.

Мейржан Альбеков, Күршім ауданының әкімі:

Бұл бастама жалпы Күршімнің уақытында жұмыс істеген азаматтардың кәсіпкерлерлердің бастамасымен басталған іс-шара. Бұл іс-шараға біраз ауданның әкімдері басқа да азаматтар келіп жатыр. Ең үлкен алғыс Сақтағанов Нұрымбет Аманұлына үлкен алғыс білдіреміз. Ол кісі арнайы хатын жіберіп, бүгінгі іс-шараға өзінің ниетін білдіріп жатыр. Ол кісі өз уақытында жақсы жұмыстар атқарған. Сондықтан бүгін Күршім болып, аудан болып еске алып жатырмыз.

Еске алу жиынына Өскемен қаласының басшысы Алмат Ақышов пен көршілес Алтай және Марқакөл аудандарының әкімдері арнайы келіп, марқұмның елге сіңірген еңбегіне тоқталды.

Рүстембек Кемешев, Марқакөл ауданының әкімі:

Алтайбек Сейітұлы, өзінің қолбасшы ретінде осы аудандардың әлеуметтік эканомикалық дамуына аянбай қызметін жасап, мынау халықтың әл-ауқатын ойлап, қиын кездерде өзінің еңбегін шынайы көрсеткен. Сондықтанда бүгінгі ұйымдастырылып жатқан Күршім ауданының басшыларына, азаматтарына өз ризашылығымды білдіремін.

Шара аясында концерттік бағдарлама ұйымдастырылып, сахнада өнерпаздар әуезді әндер орындады. Тағылымды шара барысында арнайы конференция ұйымдастырылып, Алтайбек Сейітұлының еңбек жолы жан-жақты сөз болды. Туған туыстары мен әріптестері және замандастары мазмұнды баяндамалар жасады.

Сайлаухан Аухадиев, Өскемен қалалық ақсақалдар кеңесінің төрағасы:

Алтайбек менің шәкіртімдей. Өзінің білімділігіменен, қарапайымдылығыменен, көпшілдігіменен шаруаны басқара білетін қабілетімен ерекшеленді. Халық ұмытпайды, халықтың жүрегінде сақталады мәңгі. Енді сол ұрпақтары жалғастырып, Алтайбектей абыройлы болсын.

Раиса Сейітова, А. Сейітовтің қарындасы:

Күршім ауданының әкіміне отбасымыздан және туыстармыз бен балаларынан үлкен рақмет айтамын. Неше жылдар өтсе де ұмытпай, сіңірген еңбегін елеп, еске алу рәсімін өткізіп жатыр. Ол бізге зор қуаныш, біздер үшін үлкен жұбаныш.

Бұдан бөлек, спорттық жарыстар өтіп, қатысушылар өзара бақ сынады. Ал дода жеңімпаздарына ақшалай сыйлықтар мен медальдар және аудан басшысы атынан алғыс хат табысталды.

 Сымбат Дүйсенғазин, Күршім аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы:

Алтайбек Сейітұлын еске алуға арналған облыстық волейболдан турнир өткізіп отырмыз. Бұл турнирге көршілес Тарбағатай, Ұлан, Катонқарағай, Үлкеннарын, Марқакөл аудандарының әр түрлі жас ерекшеліктері бойынша спортшылар келіп қатысып отыр. Сондай-ақ аудан мекемелері арасында арқан тартудан жарыс ұйымдастырып отырмыз. Бұл жарысқа тоғызға жуық команда қатысып отыр.

Дархан Советханов, жарысқа қатысушы:

Жарыс жақсы өтуде, жаңа бір қарсылас команданы ұттық. Жоғары деңгейде. Барлығы ойдағыдай, қарсыластар мықты. Бәріне сәттілік тілеймін.

Бұл тағзым шарасы тек марқұмға құрмет көрсету ғана емес, сонымен қатар ел бірлігін нығайтып, қоғамдағы берік дәстүрлер мен ұлттық құндылықтарды насихаттаудың маңызды үлгісі болды.