Халықаралық театр күніне орай Өскеменде «Маска-2026» жүлдесін табыстау рәсімі өтті. Ауқымды шара өңірдің театр сахнасындағы үздік өкілдерін бір арнаға тоғыстырды. Арнайы жүлде талантты режиссерлер, актерлер мен сахна сыртында еңбек етіп жүрген мамандарға табысталды. Салтанатты кешке өнерімен көзге түскен жас таланттар мен бар ғұмырын осы салаға арнаған тәжірибелі мамандар жиналды. Талай жылғы еңбегі еленіп, мараптқа ие болған өнер иелерінің арасында облыстық драма және оперетта театрының актері Владимир Муравицкий де бар. Ол театр сахнасында көптеген жарқын бейнелерді сомдап, кәсіби мамандар мен көрерменнің жоғары бағасына ие болған.

Владимир Муравицкий, Облыстық драма және оперетта театрының актері:

Егер белгілі бір қорытынды жасайтын болсақ, әрине өзімді басқа әріптестеріммен салыстыратын сәттер болады. Бірақ, ең үлкен бағаны көрермен береді. Көрермен театрдан көтеріңкі көңіл-күймен шықса немесе қандай да бір ой түйіп қайтса - бұл актер мен бүкіл шығармашылық топтың еңбегінің нәтижесі. Бір кездері кино саласы дамыған соң театрдың ғұмыры ұзақ болмайды деген пікірлер айтылған еді. Бірақ, менің ойымша театр жұмысын ешқашан тоқтатпайды.

Кеште жаңа қырынан танылған жас таланттарға да ерекше назар аударылды. Қазылар алқасы олардың актерлік шеберлігін, рөл таңдаудағы батылдығын жоғары бағалады. Театр әртісі Никита Дерябин – «Жас дарын» номинациясының иегері атанды.

Никита Дерябин, Облыстық драма және оперетта театрының актері:

Бұл мен үшін күтпеген жаңалық болды. Әрине, бұл мен үшін қуаныш. Бірақ, әлі де өзіме көп еңбектену керек деп ойлаймын. Осындай марапат алсаң, одан да жақсы болуға, үлкен нәтиже көрсетуге, сенім артқандардың үмітін ақтауға тырысасың.

 «МАСКА-2026» сыйлығы өңірдегі театр өнерінің дамып, жаңа таланттармен толығып келе жатқанын айқындай түсті.

Фатима Тілейханқызы