Облыс орталығында жасанды интеллектінің қауіп-қатері талқыланды. Жиында кибералаяқтық, жеке деректерді ұрлау сияқты мәселелер сөз болды. «Жасанды интеллектінің көлеңкелі тұсы және дропперлік» атты интерактивті сабақ қаржылық қауіпсіздік бойынша ұлттық олимпиадаға дайындық аясында өтті. Шараға құқықтану, экономика, халықаралық қатынастар және ақпараттық қауіпсіздік мамандықтарында оқитын студенттер мен магистранттар қатысты. ШҚО бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің қызметкерлері олармен бірге алаяқтық схемалардың нақты мысалдарын талдады.
Кездесуде кибералаяқтықта қолданылатын жасанды интеллект мүмкіндіктері, ақша мен жеке деректерді ұрлау схемалары, дропперлік мәселесі талқыланды. Дәрістер тек олимпиадаға дайындық үшін ғана емес, құқықбұзушылықтың алдын алу мақсатында да ұйымдастырылып отыр. Мамандардың айтуынша, жасанды интеллект технологиялары дамыған сайын қылмыстар да көбейіп келеді. Көп жағдайда мұндай алаяқтық әрекеттерді шетелдік азаматтар жасайтын көрінеді. Сол себепті оларды анықтау қиынға соғады. Кездесуде дипфейк технологиясына да ерекше назар аударылды. Қазіргі технологиялар алаяқтарға өз бейнесін өзгертіп, өзін құқық қорғау органдарының қызметкері немесе туысы ретінде таныстыруға мүмкіндік береді. Мұндай жағдайларда олар адамдарға психологиялық қысым жасап, шұғыл түрде ақша аударуды талап етеді.
Жандос Мұзтауов, ШҚО бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің аса маңызды істер жөніндегі тергеушісі:
Дәрістің мақсаты – ең бастысы студенттер мен магистранттардың қаржылық қауіпсіздігін арттыру. Халықаралық олимпиада қарсаңында үздіктерді іріктеу. Дәріс кезінде бірнеше сұрақ қозғалады. Ең бірінші – мәліметтерді жеткізу, екіншісі – жасанды интеллект және дропперство туралы айтылатын болады.
Мамандар дропперлік үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылғанын да еске салды. Заңнамада жеке деректерін өзгелерге тарататындар үшін арнайы жауапкершілік қарастырылған.
Университетте арнайы оқу кабинеті жұмыс істейді. Ол былтыр ҚР Қаржылық мониторинг агенттігі мен Ғылым және жоғары білім министрлігінің қолдауымен ашылған. Бүгінде ел бойынша осындай сегіз оқу алаңы бар.
Динара Мамырбекова, ЖОО Бизнес және құқық жоғары мектебі деканының оқу және әдістемелік жұмыс жөніндегі орынбасары:
Жасанды интеллект өте үлкен мәселе болып отыр. Көбінесе жастар арасында. Бұған бізде 18-25 жас және 30 жастағы жастар тәуелді болып отыр. Өздеріңіз білесіздер қазіргі жастар ақшаға тәуелді. Сол үшін жаман жолға түспеуін жеткіземіз, айтып отырамыз.
Бұл кабинетте студенттер теориялық біліммен қатар экономикалық қылмыстарды тергеудің практикалық дағдыларын меңгереді. Олар ақпараттық базалармен жұмыс істеп, қылмыстық істердің моделін жасап үйренеді. Бұдан бөлек, Экономикалық тергеп-тексеру департаментінде тәжірибеден өту мүмкіндігі де қарастырылған.
Фатима Тілейханқызы