Көктем мезгілі – табиғаттың жаңару кезеңі ғана емес, су тасқыны қаупі жоғарылайтын маусым. Осыған байланысты Зайсан ауданында алдын алу шаралары ерте басталып, жауапты мекемелер күшейтілген жұмыс тәртібіне көшті. Аудандағы қазіргі ахуал жайлы әріптесім Нұртас Қайролдаев біліп қайтты.
Қазір ауданда көктемгі су тасқынының алдын алу шаралары қарқынды. Коммуналдық қызмет пен уәкілетті мекемелер бірлесіп, өзен арналары, арық-атыздар мен су өткізу жүйелерін тазарту жұмыстарын жүргізіп жатыр.
Асхат Өтебаев, Зайсан ауданы әкімінің орынбасары:
Зайсан ауданы бойынша бүгінгі таңда Камхоз мекемесі арқылы тасқынға қарсы іс-шаралар атқарылды. Бүгінде Камхозда 17 техника бар. Оның ішінте «Terex» маркалы екі эксковатор және бір үлкен эксковаторымыз, екі грейдер, екі самосвал, бір погрузщик, бір бульдозер бар. Сонымен қатар аудан көлемінде 5 ірі мекемемен келісім шарт жасалған. Апаттық жағдай орын алса қосымша 20 техника шығара аламыз. Бүгінде қауыпты жағдай жоқ.
Аудан көлемінде қауіптің алдын алу мақсатында жанар-жағармай қоры толық қамтамасыз етілген. Жалпы 35 тонна жанармай қоры қарастырылған. Бұл бастама төтенше жағдайлардың алдын алу, арнайы техникалардың үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету және жедел әрекет ету шараларын уақытылы орындауға мүмкіндік береді.
Асылан Рамазанов, Зайсан ауданы әкімі аппаратының төтенше жағдайлар жөніндегі бас маманы:
2025 жылы су тасқынының алдын алу бойынша 13 шара атқарылды. Биылғы жылы барлық елдімекен бойынша су өткізгіш құбырлар және арықтар қардан тазартылды. Одан басқа ауылдық округтерге инертті материал, қаптар, жанар жаңармаймен қамтамасыз етілді. Арнайы құрылған бригада барлық округтерде жұмыс істеп жатыр. Биылғы жылы бізде қауыпты аймақтар деп 4 ауылдық округ кірген. Оның ішінде Айнабұлақ, Сартерек және Шалқар ауылдары бар. Сол аумақта қазір барлық жұмыстар жүргізіліп жатыр.
Аталған жұмыстардың алдыңғы шебінде коммуналдық кәсіпорын қызметкерлері жүр. Мамандар тәулік бойы қауіпті аумақтарда еңбек етуде.
Бағдаулет Нұрпейісов, «ЗАЙСАН» көп салалы коммуналдық мемлекеттік шаруашылық жүргізу есебіндегі кәсіпорынының механизатор-операторы:
Мына тасқынға байланысты судың арналарын ашып, жұмыстармен айналысып жатырмыз. Барлығы халқымыз үшін. Мынау Подхоз без Бақасу арасындағы көпір арнасығой. Осының алды бітеліп қалған. Соны тазалау жұмыстарын жүргізіп жатырмыз.
Төтенше жағдайлар бөлімі де бұл кезеңге тыңғылықты дайындалған. Мамандар қауіпті аймақтарды алдын ала анықтап, тұрақты бақылауға алған. Қажетті құрал-жабдықтар мен арнайы техника да әзір тұр. Сонымен қатар, жеке құрам кез келген төтенше жағдайға жедел әрекет етуге дайын.
Мақсат Омаров, Зайсан аудандық ТЖБ бастығының м.а.:
Біз биыл көктемгі су тасқынына дайынбыз. Жеке құрам да дайын. Адамдарды эвокуациялауға Трикол көлігіміз де дайын. Апарып жатқызатын орындардың барлығы бақылауда. Аудан бойынша су тасқынына қауып қатер жоқ. Бізде өзімізде 6 мотопомпамыз бар. Суға киетін киімдеріміз де бар. Түгел дайынбыз, сақадай саймыз.
Жалпы, Зайсан ауданында су тасқынының алдын алуға бағытталған жұмыстар жүйелі түрде жүзеге асуда. Жауапты мекемелердің үйлесімді іс-қимылы мен алдын ала қабылданған шаралар табиғи қауіпке төтеп беруге негіз болмақ. Мамандардың айтуынша, қазіргі таңда аудан бойынша ахуал тұрақты.