«Нұртау» тау шаңғысы базасында фристайл – могулдан ел біріншілігі басталды. Биылғы чемпионаттың бәсі жоғары – жарыс жолына 2026 жылғы қысқы Олимпиада ойындарына қатысқан қазақстандық могулшылар да шығып отыр.

Ел біріншілігінде барлығы 38 спортшы жүлде үшін бақ сынайды. Дүбірлі дода халықаралық талаптарға сай әзірленген, ұзындығы 200 метрлік кәсіби могул трассасында өтуде.

Мұрат Байбұлов, Спорттың қысқы түрлері бойынша облыстық мамандандырылған балалар – жасөспірімдер олимпиадалық резерв мектебінің директоры:

Жарысқа көптеп қатысушылар жиналды. Барлық спортшылар қажетті спорттық киіммен қамтамасыз етілген. Енді тиісті нәтижеге қолжеткізеді деп ойлаймын. Спортшылар дайындықтан өтті, оқу – жаттығуды толық аяқтады. Төрешілер де жоғары деңгейде қадағалайды.

Фристайл-могул — қысқы спорт түрлерінің ішіндегі ең ерекшесі. Спортшылар күрделі тосқауылдары бар трассаны еңсереді. Жарыстың қорытындысында тек жылдамдық ескеріліп қоймай, техникаға да мән беріледі.

Елена Круглыхина, Фристайл-могулдан Қазақстан құрамасының бас бапкері:

Шығыс Қазақстанда, Өскемен қаласында фристайл-могул спорты қарқынды дамуда. Жыл сайын біздің қатарымызға балалар келіп қосылуда. Олардың қызығушылығы жоғары. Ата – аналар, мемлекет тарапы үлкен қолдау білдіреді. Өйткені бұл спорт түрі көп нәтижелерге қол жеткізуде. Спортшылар таза ауада өздерін шыңдап, белестерді бағындырады. Нұртау базасы бізге жарысқа дайындалу үшін бір апта уақыт берді. Трассаны дайындап, балалар жаттығуларын өткізді. Барлығына қуаныштымыз!

Спортшылар үшін физикалық дайындықтан бөлек, психологиялық көңіл – күйде маңызды. Қатысушылардың алға қойған мақсаттары жоғары. Ел біріншілігін өткізген соң, халықаралық деңгейде өз бақтарын сынауды жоспарлап отыр.

Муслима Мамбетова, жарысқа қатысушы:

Мен осы спорт түрімен төрт жылдай айналысып келемін. Тоғыз жасымнан бері тыңғылықты дайындалып, жаттығуларды өткізбеуге тырысамын. Өзім Настя Городко мен Аяулым Әмріенованы үлгі тұтамын. Олар мықты, талантты спортшылар. Әрдайым өнерін тамашалап, қызығушылық білдіремін.

Чемпионат қорытындысы бойынша еліміздің ең мықты спортшылары анықталады.

Гүлдана Айдарқызы