30 наурыз – Халықаралық қалдықсыз күн. БҰҰ бастамасымен жарияланған бұл күн - қоғам назарын экологиялық мәселелерге аударып, жауапты тұтыну мәдениетін қалыптастыруға бағытталған. Атаулы күнге орай облыс орталығында «Zero Waste» қалдықсыз өмір салты тұжырымдамасы түсіндірілді.

Шара барысында қатысушыларға қалдықтарды азайту, қайта пайдалану және өңдеу қағидаттары кеңінен таныстырылды. Бұдан бөлек, күнделікті өмірде экологиялық жауапкершілікті арттыру жолдары, артық тұтынудан бас тарту және табиғатты қорғаудың маңызы туралы айтылды.

Анастасия Черномаз, «Теория малых дел» еріктілер қозғалысының өкілі:

Бұл көпқырлы, жан-жақты тұжырымдама. Ол тек «қалдықсыз өмір» деген тікелей мағынаны ғана білдірмейді. Сонымен қатар қалдықтардың мөлшерін азайтуға бағытталған.

Мамандардың айтуынша, әлемде жыл сайын миллиардтаған тонна қоқыс шығарылады. Оның басым бөлігі қайта өңделмей, табиғатқа зиянын келтіруде. Ал қалдықтарды бөлек жинау – қоршаған ортаны қорғаудың негізгі жолы.

Серікжан Ержанов, Облыстық Достық үйі – қоғамдық келісім орталығының сарапшысы:

Әр нәрсені өзіңнен баста дейді ғой. Өзіміздің жолдастарымызға, достарымызға, артымыздан келе жатқан бауырларымызға үйрету керек дегендей. Бұл әлем өзімізге керек. Қалдықсыз әлем.

Ал белсенділік танытқан студенттер бұл бастаманы қолдап қана қоймай, оны күнделікті өмірде жүзеге асыруға дайын.

Нұржан Амангельдинов, «Жылы жүрек» ұйымының мүшесі:

 «Таза Қазақстан» акциясы үлкен шараларының бастауын қолдаймын. Еліміздің тұрғындарын «Таза Қазақстан» акциясын қолдауға шақырамын.

Халықаралық қалдықсыз күн аясында өткен шара тұрғындардың экологиялық мәдениетін арттырып қана қоймай, табиғатты қорғауға бағытталған нақты қадамдардың маңызды екендігін көрсетті.

Аяулым Усинова