Өскеменде өндіруші салалардағы ашықтық мәселесіне арналған жиын өтті. Шараға азаматтық қоғам ұйымдары, кәсіпкерлер қатысты. Тренинг барысында қатысушылар саладағы деректермен жұмыс істеу және оларды қоғамға дұрыс жеткізу жолдарын талқылады. Жиынды «Financial Services Volunteer Corps» халықаралық ұйымы ұйымдастырды.

Кездесу барысында жер қойнауын пайдаланушы компаниялардың қызметінде ашықтық пен жариялылықты қамтамасыз етуге бағытталған негізгі шаралар талқыланды. Тренинг аясында қатысушылар өндірістегі деректерді пайдалану тәсілдерін үйренді. Мамандар өндіруші компаниялардың есебін талдау, ақпараттың ашықтығын қамтамасыз ету және деректерді қоғам игілігіне пайдалану мәселелерін түсіндірді.

Қайрат Амантурлин, Қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласының сарапшысы:

Заң талаптары мен құқықтарын сақтау қажеттілігіне байланысты өндіруші компаниялар мемлекетке төлейтін салықтары мен дивидендттері туралы есептерді ұсынады. Бұл есептер елдегі қаржылық төлемдерді есепке алу жүйесінің ашықтығын қамтамасыз етуге бағытталған. Негізгі мақсат – өндіруші саладан түсетін табыстарды көрсету және бұл деректерді қоғамға қолжетімді ету. Осы арқылы пайдалы қазбаларды өндіруден түсетін кірістерді ел игілігі үшін қалай пайдалану керектігі туралы қоғамда ашық талқылау жүргізуге мүмкіндік туады.

Жиынға қатысушылар оқыту бағдарламасында өндірістегі деректерді талдау және оларды тексеру жұмыстарымен танысты. Елде кен өндіру саласы жақсы дамыған. Сондықтан, одан түсетін табыс көлемі мен оның қайда жұмсалып жатқаны туралы ақпараттың ашық болуы қоғам үшін маңызды.

Аяужан Әшімова, ШҚО Қоғамдық кеңесінің төрағасы:

Елімізде кен өндіру саласы жақсы дамыған. Ендеше, одан келіп түскен қаражаттың көлемі қандай? Ол қайда жұмсалып жатыр? Осы жөнінде есептің қолжетімді болуы азаматтық қоғамның сенімін арттырады. Биліктің есептілігін арттырады. Сонымен қатар, сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға бағытталған ерекше бастамалардың бірі. Азаматтарға бұл не береді? Жер, жердегі кен Қазақстан халқына тиесілі болғандықтан, ол қандай деңгейде игеріліп жатыр? Оның қаражаты қайда түсіп жатыр? Соны білу арқылы біздің мемлекеттік билікке сенім деңгейіміз артады. Есептіліктің болуы, ақпаратты халықтың білуі қандай да бір деңгейде биліктің процессіне араласуға мүмкіндік береді.

Тренинг Орталық Азия елдерінде өндіруші салалардағы ашықтық стандарттарын нығайтуға бағытталған өңірлік бастама аясында өтті.

Фатима Тілейханқызы