Шемонаиха ауданында су тасқыны кезеңіне дайындық мәселесі талқыланды. Ерекше назар гидротехникалық құрылыстардың жай-күйіне, су өткізу арналарының тазалығына қойылды. Арнайы техника мен жедел әрекет ету күштерінің дайындығы да пысықталды.

Ауданда су басу қаупі бар аймақта барлығы 375 тұрғын үй тіркелген. Олардың қатарында Шемонаиха қаласы, Выдриха, Жоғары-Уба, Убинка ауылдары және Усть-Таловка кенті бар. Су тасқыны салдарын жоюға 100 бірлік техника және 124 адамнан тұратын жеке құрам жұмылдырылады. Сонымен қатар, халықты эвакуациялау жағдайына арналған уақытша орналастыру пункттері дайындалды.

Сұңғат Аманбеков, Шемонаиха ауданы әкімінің орынбасары:

Шемонаиха ауданында су тасқынының алдын алу шаралары бекітілген кесте бойынша жүргізіледі.Елдi мекендердегi жағдай тұрақты. «Қазгидромет» филиалының мәліметіне сәйкес аудан аумағында 20 наурыздағы жағдай бойынша топырақтың қатуы 22 см құраса, 2025 жылы 15 см құраған.

Жауапты сала мамандары жағдай тұрақты бақылауда екенін айтады. Су басу қаупі туындаған сәтте аудан тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін барлық қажетті шаралар қабылданады.

Гүлдана Айдарқызы