Өскеменде жолаушылар тасымалы сапасын арттыруға бағытталған жұмыстар қарқынды. Қала автопаркі 12 жаңа автобуспен толықты. Заманауи стандарттарға сай көліктер алдағы уақытта тұрғындар тасымалына кіріседі.
Бүгінде қала көшелерінде қатынап жүрген қоғамдық көліктердің 65–70 пайызы жаңартылған. Алдағы уақытта қалған автобустарды кезең-кезеңімен жаңарту жоспарланып отыр. Бұл – үздіксіз, жүйелі түрде жүзеге асырылатын жұмыс, дейді қала әкімі Алмат Ақышов.
Алмат Ақышов, Өскемен қаласының әкімі:
Қаламыздың тұрғындарына қызмет ететін, автокөліктерді автобустарымызды жаңарту жұмыстары жалғасып жатыр. Бұл облыс әкімінің тікелей бақылауында. Экологиялық стандарттары жоғары сондықтан да қаламыздың экологиясына оң нітижесін береді деп сенеміз. Жалпы бұл жұмыс тоқтамайды жалғасады. Бір жыл демей ақ қойайық. Алдағы екі жыл көлемінде автопарктеріміз жаңарып, барлығы стандарттарға сай жаңа автобустармен қала халқы жүреді деген сенімдеміз.
Жаңа автобустардың барлығы заманауи талаптарға сай. Көліктер 360 бейнебақылау жүйесімен жабдықталған. Экологиялық тиімділігі жағынан дизельді автобустар «Euro-5» стандартына сәйкес келеді.
Сергей Ильин, «Voska» ЖШС бас инженері:
Қалалық автобус паркі 12 жаңа қоғамдық көлікпен толықты. Оның 11-і дизельді, ал біреуі – гибридті автобус. Сонымен қатар, келесі аптада 5 шағын газель автобус алатын боламыз. Гибридті автобус – экологиялық тұрғыдан тиімді көлік. Ол дизель-электр жүйесімен жұмыс істейді. Сағатына 30 шақырымға дейін қозғалғанда, электр қуатын пайдаланып, дизельді қозғалтқыш іске қосылмайды. Бұл, әсіресе, кептеліс кезінде немесе баяу қозғалыста ауаға зиянды қалдықтардың бөлінбеуіне мүмкіндік береді. Қазіргі таңда автопарк шамамен 90 пайызға жаңартылды. Жыл соңына дейін тағы 20 жаңа автобус сатып алу жоспарланып отыр.
Жалпы, қоғамдық көлік паркін жаңарту жұмыстары алдағы уақытта да жалғасады. Жоспарға сәйкес, кезең-кезеңімен барлық ескі автобустар жаңартылып, қала тұрғындары толықтай заманауи әрі қауіпсіз көлікпен қамтылмақ.
Нұртас Қайолдаев