Өскемен қаласында фристайл-могулдан Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спорт шебері Юлия Галышевамен баспасөз конференциясы өтті. Кездесу барысында спортшы өзінің спорттық мансабын аяқтайтынын мәлімдеп, алдағы жоспарларымен бөлісті.
Юлия Галышева ұлттық құрама сапында 20 жылдан астам уақыт өнер көрсеткен Қазақстан фристайлы тарихындағы ең атақты спортшылардың бірі Ол халықаралық аренада алғаш рет 2006 жылы, небәрі 14 жасында, Еуропа кубогында өзін танытты. Осыдан кейін оның жүлделер қоржыны толыға түсті. Әлем кубогы кезеңдеріндегі көптеген жеңістерге жетті. Қысқы Азия ойындары мен Универсиадалардың алтын медаль иегері атанды. Түрлі жарыстарда табысты өнер көрсетіп, спорттық мансабы қарқынды дами түсті. Юлия Галвшева, могулдан 2018 жылы Пхёнчханда өткен Олимпиадада ойындарының жүлдесін иеленген Қазақстан тарихындағы жалғыз спортшы және осы дисциплина бойынша тұңғыш Әлем чемпионы. Сонымен қатар, Юлия Галышева бес бірдей Олимпиада ойындарына қатысып, бірегей тәжірибе жинақтады.
Асқар Можанов, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы:
Юлия Евгеньевна бүгін халықаралық деңгейдегі спорттық мансабын аяқтады. Сонымен қатар, ол Шығыс Қазақстан облысы командасының құрамында қала береді және республикалық жарыстарда өңір намысын қорғайды. Бұдан бөлек, жас буын спортшыларымен тәжірибесімен бөлісетін болады.
Юлия Галышева, ҚР фристайл-могулдан еңбек сіңірген спорт шебері:
Мен Қытайдан кейін мансабымды аяқтағым келген еді, бірақ тіземе ота жасатып, өзімді әлдеқайда жақсы сезіндім де, жалғастыруға шешім қабылдадым. Қалай болады деген ой болды. Осы аралықта Әлем кубогының екі кезеңінде жүлдегер атандым, бірақ Олимпиадада жолым аса бола қойған жоқ. Дегенмен 14-орын алғаныма да ризамын — ең соңғы орын емес қой. Жалпы, 5 Олимпиадаға қатысқанымның өзі — мен үшін үлкен мақтаныш. Өзімнің спорттық мансабыма ризамын, бақыттымын. Жалпы есептегі «Хрусталь глобустан» басқа барлық дерлік атақ-дәрежелерім бар. Сондықтан спорттық жолыма еш өкпем жоқ.
Әрине, спортшының барлық жетістіктері — оның ерекше талантының жемісі. Сонымен қатар, фристайлшының спорттық мансабының қалыптасуында жаттықтырушыларының қолдауы да үлкен рөл атқарды.
Елена Круглыхина, ҚР фристайл-могулдан еңбек сіңірген жаттықтырушысы:
Бұл — менің алғашқы кәсіби спортшым, әрине, қоштасу қиын, бірақ спорттың аты спорт. Адам ресурсы шексіз емес, бәрімізге белгілі, бұл — жер бетіндегі ең қиын салалардың бірі. Өйткені олар балалық шақты толық көрмейді, туған-туыстарымен жиі бола алмайды, өздерін толықтай спортқа арнайды.
Жаттықтырушының айтуынша, облыс басшылығының қолдауының арқасында өңірде фристайл-могул және қысқы спорт түрлері қарқынды дамып келеді. Осы бағытта инфрақұрылымдық жобалар жүзеге асырылып, әлемдік деңгейдегі жұлдыздардың орнын басатын дарынды спортшыларға қолдау көрсетілуде.
Фристайл-могул ең күрделі спорт түрлерінің бірі саналады. Мұнда тек шаңғы тебу техникасын ғана емес, сонымен қатар акробатикалық шеберлікті де ұштастыру қажет. Спортшы тік беткейде нық тұрып, трамплиндерден биік секірулер жасап, әуеде сальто орындауы тиіс. Мұның барлығы шаңғымен жүзеге асырылады. Одан кейін шаңғы жолына жұмсақ қонып, кедір-бұдырлы трассада серпінді әрі ирек қозғалу маңызды. Сондықтан бұл спорт түріндегі әрбір атлет зор құрметке лайық. Юлия Галышеваның кәсібилігі, қайсар рухы мен таңдаған ісіне деген адалдығы Қазақстан спорты тарихында мәңгіге сақталады.
Салтанат Кеңесбекқызы