Өскеменде «Заңға құрмет – жарқын өмір кепілі» тақырыбында ашық диалог алаңы өтті. Облыстық жастар ресурстық орталығы, тәртіп сақшылары мен әскери прокуратура өкілдері бәрлесіп, әскери-техникалық мектептің қызметкерлері мен жас сарбаздарға құқық бұзушылықтың алдын алу жолдарын түсіндірді. Кездесу барысында дропперлік пен интернет алаяқтықтың қаупіне ерекше назар аударылды.
Кездесу барысында мамандар жастарға қазіргі таңда кең таралған қылмыс түрлері туралы кеңінен түсіндірді. Интернет алаяқтық, дропперлік сынды қылмыстар жайында ақпарат беріп, қаскөйлердің арбауына түспеу жолдарын нақты мысалдармен жеткізді. Сонымен қатар цифрлық қауіпсіздік ережелерін сақтау, жеке деректерді қорғау мәселесі талқыланды.
Нұрай Арыстанбек, ШҚО ПД Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының аға жедел уәкілі:
Облыстық жастар ресурстық орталығымен бірлесіп, әскери прокуратурамен бірге әскери мектепте оқып жатқан азаматтарға жалпы құқық бұзушылық туралы, сонымен қатар дропермен нашақорлықтың алдын алу жұмыстарына бағытталған профилактикалық шара жүргізудеміз. Іс-шара барысында «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында өткізіліп жатыр. Жалпы осы прокуратура органдары әскери құқық бұзушылықты түсіндіретін болса біз қылмыстық құқық бұзушылықтардың алдын алу бойынша жұмыстар жүргіземіз.
Айта кетейік, «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында Өскемен гарнизонының әскери прокуратурасымен қылмыстың алдын алу бағытында ауқымды жұмыстар қолға алынған. Бүгінде әскери қызметшілер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу, заңсыз әрекеттерге жол бермеу мақсатында түрлі бағыттағы профилактикалық шаралар ұйымдастырылған.
Есжан Сыбанбаев, Өскмен гарнизонының әскери прокуроры:
Бас әскери прокуратурамен 2024-2025жылдары «армияда қылмысқа орын жоқ» , « цифрлық профилактика» деген үлкен бағдарламалар жүзеге асырылып жатыр. Қорғаныс істері жөніндегі департаментінде шақырылушылардың келіп кетуін есепке алатын боламыз. Одан кейін ҚР ҰҰ «Шығыс» ӨҚ біз жаңа психологиялық тестілеуді жүргізетін цифрлық құралды орналастырдық. Сол құрал арқылы психологтар бір күнде 20-30 адамды қабылдайтын болса, ол құрал 30сек - 1 мин арасында әскери қызметшілердің ішкі жай-күйін, психологиялық жағдайын анықтап, олардың қандай да бір оқыс оқиғалар мен оқыс әрекеттерге баратын бармайтынын анықтап бере алады.
Кездесу барысында жастарға нашақорлыққа қатысты құқық бұзушылықтар мен олардың салдары да түсіндірілді. Мамандар заң талаптарын бұзған жағдайда қарастырылатын қылмыстық жауапкершілік пен жаза түрлеріне де тоқталды.
Венера Төлбаева, ШҚО Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің аса маңызды істер жөніндегі жедел уәкілі:
Қазір алаяқтықтың жаңа түрлері, соның ішінде дропперлік көбейіп келеді. Оның басты себебі – адамдардың цифрлық қауіпсіздікке мән бермеуі. Көпшілік әлі күнге дейін туған күн сияқты құпиясөздерді қолданады. Ал оны жеке мақсатқа пайдалану өте оңай. Тіпті кезінде Лувр музейінде қауіпсіздік құпиясөз «Louvre» болғандықтан қарақшылар бір мезетте мұражайды тонап кеткен. Сондықтан құпиясөзді күрделі етіп қойып, оны кемінде айына бір рет ауыстырып отыру қажет. Сонымен қатар биометриялық қорғаныс – ең қауіпсіз тәсілдердің бірі. Күмәнді сілтемелерге кірмеу де маңызды. Цифрлық гигиенаны сақтау – әр адамның жеке қауіпсіздігінің кепілі.
Ашық диалог қызу талқыға толы болды. Қатысушылар өздерін толғандырған сұрақтарына жауап ала алды. Негізгі мақсат – жастардың құқықтық сауатын арттыру, оларды заңға құрметпен қарауға баулу.
Нұртас Қайролдаев