Өткен жылы облыста үш қаржы пирамидасының қызметі тоқтатылды. Қаржылық мониторинг агенттігі көлеңкелі экономика саласындағы қылмыстарды анықтау, алдын алу және тергеу бойынша жүйелі жұмыстарын жалғастыруда. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметі алаңындаөткен брифингте облыстық Экономикалық тергеп – тексеру департаменті басшысының орынбасары Тимур Мұқанов хабарлады.
Қаржы пирамидаларына қарсы күрестегі негізгі құралдардың бірі – цифрлық қауіпсіздік. Осы тұста «Telegram» мессенджерінде «Baiqa, piramida» атты арнайы сервис іске қосылды. Оның көмегімен пайдаланушылар компанияда қаржылық пирамиданың белгілері бар-жоғын өз бетінше тексере алады. Ол үшін қажетті ақпаратты енгізу жеткілікті.
Тимур Мұқанов, ШҚО Экономикалық тергеп – тексеру департаменті басшысының орынбасары:
Нақтырақ айтқанда, Telegram платформасында арнайы бот әзірленген. Ол арқылы ұйымның атауын немесе жеке тұлға туралы ақпаратты енгізуге болады. Нәтижесінде қаржылық қызметі туралы толық мәлімет немесе қаржылық пирамидаларға тән негізгі белгілер жөнінде мағлұмат ұсынылады.
Қаржы пирамидаларын ұйымдастырушылардың кеңселері, әдетте, ірі қалаларда шоғырланады. Алайда, соңғы уақытта олардың бөлімшелері өңірлерде де ашылуда. Мәселен, өткен жылы облыс аумағында үш қаржылық пирамида әшкереленген. Мамандардың сөзінше негізгі түйткілдердің бірі – жәбірленушілерді анықтаудың қиындығы. Кей азаматтар салған қаражатын қайтарып алуға үміттеніп, құқық қорғау органдарына жүгінуге асықпайды. Сондай-ақ олар жағдайды жария етпеуге тырысады.
Тимур Мұқанов, ШҚО Экономикалық тергеп – тексеру департаменті басшысының орынбасары:
Азаматтарымыз арыз жазбайды, олар көзге түспей, назардан тыс қалғысы келеді. Ақшалары қайтарылады деп ойлап, құқық қорғау органдарына дер кезінде жүгінбейді. Ал қаржылық пирамиданы ұйымдастырушылар «бұл уақытша қиындықтар, күте тұрыңыздар, бәрі қайтарылады» деп уәде береді. Алайда уақыт өте келе, бұл қаражаттар қайтарылмайды.
Тимур Мұқановтың айтуынша, 2025 жылы департамент қаржы пирамидаларына қатысты 481, онлайн-казино және басқа да құмар ойындарға қатысты 591, сондай-ақ криптоайырбастау пункттеріне қатысты 121 сілтемені бұғаттады. Жалпы, ел көлемінде мұндай заңсыз әрекеттерге қарсы күрес жүйелі түрде жүргізіліп келеді. 2021 жылдан бері Қазақстанда жүзден астам қаржы пирамидасы анықталған.
Гүлдана Айдарқызы