Өскеменде Ришат пен Муслим Абдуллиндердің туғанына 110 жыл толуына орай өңіраралық вокалистер байқауының салтанатты ашылуы өтті. Байқауға Қазақстанның түрлі қалаларындағы музыкалық колледждер мен мамандандырылған оқу орындарының студенттері қатысып жатыр. Алдағы төрт күн ішінде олар вокалдық білімдерін ортаға салып, өздерінің орындаушылық шеберлігін көпшілікке паш етпек.
Ришат пен Муслим Абдуллиндер Қазақстандағы кәсіби вокал өнерінің бастауында тұрған тұлғалар. Олардың дуэті елдің музыкалық сахнасы үшін нағыз жаңалық болып, бүгінгі күнге дейін жаңа буын орындаушыларға шабыт беруде. Өнер иелерінің туғанына 110 жыл толуына орай өткізіліп жатқан байқау биыл төртінші мәрте өтуде. Талантты қатысушылардың басын қосқан шара қазақ вокал өнерінің үздік дәстүрін ары қарай жалғастыруға мол мүмкіндік береді.
Альмира Дүсіпова, Халық әртістері ағайынды Абдуллиндер атындағы ШҚ өнер училищесінің директоры:
Ағайынды Абдуллиндер ұлттық вокал өнерінің дамуына зор үлес қосқан тұлғалар. Олардың орындаушылық шеберлігі сахналық мәдениеті мен кәсіби билігі бүгінгі және келер ұрпақ орындаушылар үшін мәңгілік өнеге. Осы байқауымыздың басты мақсаты жас вокалистердің кәсіби шеберлігін шыңдау, ұлттық және классикалық вокал өнерін кеңінен насихаттау. Сондай - ақ ағайынды Абдуллиндердің мол мұрасын жас ұрпақтың санансына сіңіру.
Бұл байқауға Алматы, Астана, Шымкент, Павлодар және Қызылорда қалаларынан талантты студенттер келді. Сахнада 32 әнші және 4 вокалдық ансамбль өнер көрсетеді.
Саят Сарманбек, байқауға қатысушы (Қызылорда қ.):
Конкурстың деңгейі өте жоғары. Осы конкурсқа ұзақ уақыт дайындалдық. Енді осы конкурсқа дайындалған еңбектеріміздің барлығын көрсететін уақыт келді. Барлық қатысушыларға, консертмейстерлерге сәттілік тілеймін.
Тимур Дүйсенов, байқауға қатысушы (Алматы қ.):
Ағайынды Абдуллиндер конкурсының ашылуы өте қатты ұнады. Өте ерекше жеребьевка болды. Мен қуанамын. Барлық қатысушыларға және осында келген қолдаушыларға бәріне алғысым шексіз.
Өнер училищесінен байқауға төрт солист пен бір вокалдық ансамбль қатысады.
Дариға Закарбекова, байқауға қатысушы (Өскемен қ.):
Конкурска біз жарты жыл дайындалдық. Менің мұғалімім Еркеш Төлеухановна. Сол кісіге көп рахмет. Осы жарты жылдың ішінде біздерді конкурсқа дайындап, шыңдап шығарды. Барлық қатысушыларға сәттілік тілеймін.
Байқау барысында қазылар алқасы вокал өнерінің әртүрлі бағыттарын қамтитын 4 номинация бойынша қатысушылардың өнерін бағалайды. Жеңімпаздар 3 сәуірде анықталады.
Салтанат Кеңесбекқызы