Облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов Өскемендегі маңызды нысандарды аралады. Ең алдымен аймақ басшысы «Восток» стадионына барды. Қазіргі уақытта стадионда ауқымды модернизация жүзеге асырылып жатыр.

Жоба аясында инфрақұрылым жаңартылып, VAR жүйесі мен LED-экрандар орнатылуда. Сонымен қатар, жарықтандыру жүйесі жаңартылып, футбол алаңы өңделуде.

Өңірде бұқаралық спортты дамыту бағытында да жұмыстар жүргізілуде. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, облыс орталығында UEFA талаптарына сай 5000 орындық жабық футбол стадионының құрылысы жоспарланған. Қазіргі уақытта жоба мемлекеттік сараптамадан өтуде. Ал әзірге премьер-лига матчтарын өткізу үшін Өскемендегі «Восток» стадионында дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Нұрымбет Сақтағанов, Шығыс Қазақстан облысының әкімі:

Іштегі, сырттағы жөндеу жұмыстары аяқталып келе жатыр. Осы сәуір айының аяғына дейін бұл жұмыстар толығымен аяқталу керек. Өйткені, біз ең бірінші ойынды 9 май күні өткізу керекпіз. Соған дейін сақадай сай боламыз. Тиісті қаражат, құрылыс материалдары, басқа да шаралар уақытында және жүйелі жүргізіліп келе жатыр.

Бұдан бөлек, Өскемен автопаркі 20 жаңа автобуспен толықты. Оның сегізі заманауи электробус. Бұл өңірде экологиялық таза көлікке кезең-кезеңімен көшудің бастамасы. Гибридті автобустар электр қуатымен 30 шақырымға дейін жүре алады. Бұл зиянды шығарындыларды азайтуға мүмкіндік береді. Жаңа қоғамдық көліктер телефон қуаттағыш, пандус және заманауи жабдықтармен қамтылған. Қазіргі уақытта қаланың автобус паркі 65–70 пайызға жаңартылды. Алдағы уақытта электробустарды енгізіп, қоғамдық көлікті толықтай заманауи форматқа көшіру жоспарланып отыр.

Нұрымбет Сақтағанов, Шығыс Қазақстан облысының әкімі:

Электро автомобильдерді сатып ала отырып, бұл мәселені түбегейлі шешеміз. Себебі, қаладағы шығарындалардың 58 пайызы осы көліктерден шығатын түтіндер,Осыны қоғам өкілдерімен бірлесіп шешіп отырмыз. Бұл реттік акция емес. Жылдың аяғына дейін автопарктердің 80 пайызын жаңа автобустармен біріктіріп шығарамыз.

Сапардың соңында өңір басшысы облыстық А.С. Пушкин атындағы кітапханаға барды. Әкім жаңартудан өткен жаңа конференция залының мүмкіндіктерімен танысты.

Назымгүл Тілеубекова, А.С. Пушкин атындағы Облыстық кітапхана директоры:

Жаңарылған акт залымызда жаңа форматта керемет шаралар өткіземіз деп үміттеніп отырмыз. Біздің оқырмандарымызға өте ұнап жатыр. Келетін ақын, жазушылар кездесулер кітаптың тұсау кесерлерлері өтеді.

Жаңа зал заманауи мультимедиялық экрандармен, аудио-жүйемен және ыңғайлы орындарымен жабдықталған. Мұнда енді ғылыми кездесулер, семинар мен мәдени шаралар өтеді.

Нұрымбет Сақтағанов, Шығыс Қазақстан облысының әкімі:

Қабылдау және консультация беру аймақтарын біз қайта жаңғыртудан өткіздік. Оқырмандар жақсы біледі, бұл конференция залы соңғы рет 2000 жылдардың басында қайта жаңғыртудан өткен болатын. Содан бері күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілмеген. Біз соған сәйкес, бюджеттен тыс спонсорлар көмегімен осы конференция залды қайта жаңғыртудан өткіздік. Қаламыздың, аудан орталықтары бар, окургтегі кітапханаларды қайта жөндеуден өткізетін боламыз. Не себепті? Оқырмандары, кітапханалары көп мемлекет – ол мықты мемлекет болмақ. Соны біз дұрыс түсінуіміз керек.

Аймақта әлеуметтік-экономикалық, мәдени инфрақұрылымды дамыту бағытындағы жұмыстар кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді.

Фатима Тілейханқызы