Шемонаиха ауданына қарасты Волчанка ауылында мемлекетке қайтарылған активтер есебінен салынған отбасылық дәрігерлік амбулаторияның техникалық ашылуы өтті. Алдағы уақытта ауыл тұрғындары сапалы медициналық көмекті алысқа ұзамай-ақ, тұрғылықты жерінен ала алады. Амбулатория заманауи медициналық құрал-жабдықтармен толық қамтылған.

Жаңа амбулаторияның ашылуына ауыл тұрғындары мен қонақтар жиналды. Ең алдымен қазақтың игі дәстүріне сай шашу шашылды. Аудан әкімі медициналық мекемені аралап, оның мүмкіндіктерімен танысты.

Дидар Кеңесбаев, Шемонаиха ауданының әкімі:

Бұл отбасылық дәрігерлік амбулатория елімізде ауылдық денсаулық сақтау жүйесін жаңғырту бағдарламасы аясында салынды. Бағдарлама мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асып отыр. Құрылыс барысында кейбір мердігерлердің жауапсыздығына байланысты қиындықтар болды. Дегенмен, құрылыс басқармасы және жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп бұл мәселені толық шештік. Қазір лицензия рәсімдеу жұмыстары басталды. Бір ай шамасында аяқталады деп жоспарлап отырмыз. Содан кейін амбулатория тұрғындарға толық қызмет көрсете бастайды.

Мұнда кадр тапшылығы жоқ. Емделушілерді тәжірибелі мамандар қабылдайды.

Бақыт Таймасова, Шемонаиха аудандық ауруханасының бас дәрігері:

Бізде Волчанка селосында 1209 адамдар тұарды, біздің пациенттер. Оның ішінде 957 ересек адамдар. 211 балалар. Фертильдік әйелдер бізде 225 болады. Штат бойынша бәрі жеткілікті. Дефицит бізде жоқ. Оған қосымша, тағы да бір біз ерлі-зайыпты медбике мен медағаны аламыз. Осы жерде құжат алғаннан кейін, ЛФК және физиопроцедураларды өткізуге дайынбыз.

Жаңа медициналық нысанда күндізгі стационар, гинекологиялық кабинет, емдік дене шынықтыру және физиотерапия, зертханалық талдау, акушерлік және жалпы тәжірибелік дәрігер кабинеттері бар.

Дидар Кеңесбаев, Шемонаиха ауданының әкімі:

Биыл ауданда «KAZ Minerals» компаниялар тобының қолдауымен тағы екі медициналық нысанның құрылысы басталады. Олар –жұқпалы ауруларды қабылдайтын бөлімше мен қаланың жаңа шағын ауданында салынатын емхана. Қазіргі уақытта аудандық аурухананы жөндеу және қайта жаңғырту бойынша жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп, Денсаулық сақтау министрлігімен келіссөз жұмыстары жүргізіліп жатыр. Аурухана ғимараты ұзақ уақыттан бері жөндеу көрмеген. Сонымен қатар, қаржылық мәселелер де бар. Бұл мәселелерді кезең-кезеңімен шешіп келеміз. Аудан арқылы Ресей Федерациясын, Абай облысын және Шығыс Қазақстанды жалғайтын транзиттік магистраль өтеді. Сондықтан, аурухана тек жергілікті тұрғындарға ғана емес, жол үстінде жедел медициналық көмекке мұқтаж болған адамдарға да қызмет көрсетеді.

Сондықтан, дәл осы аймақта денсаулық сақтау инфрақұрылымын дамыту – медициналық қызметтің сапасы мен қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік береді.

Фатима Тілейханқызы