Облыста аутизм спектрі бұзылған 388 бала тіркелген. Олар арнайы түзету кабинеттерінде және «Асыл Мирас» аутизмі бар балаларды қолдау орталығында оңалтудан өтеді. Бұл орталықта қазіргі таңда 80-нен астам балаға қызмет көрсетіледі. 2 сәуір — Дүниежүзілік аутизм туралы ақпарат тарату күні. Осыған орай «Асыл Мирас» орталығында ашық есік күні өтті. Шараға ЮНИСЕФ еріктілері қатысып, балаларға арналған шеберлік сағаттарын ұйымдастырды.
Ашық есік күніне дефектолог-мұғалім, логопед, психолог, ата-аналар мен студенттер қатысты. Шара барысында мамандар жиналған қауымға аутизм жайында ақпарат беріп, ерекше балалармен жұмыс істеу тетіктерін талдады.
Динара Дүйсембинова, «Асыл Мирас» аутизмі бар балаларды қолдау орталығының директоры:
Біздің аутизм орталығы 10 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Жыл сайын дәл осы күні орталықта түрлі шаралар ұйымдастырып келеміз. Дөңгелек үстел, семинарлар өткізіледі. Биыл ашық есік күнін ұйымдастырып отырмыз. Шараға С. Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің бірінші курс студенттері, Өскемен жоғары медициналық колледжі студенттері және ата-аналар қатысты. Сонымен қатар, балаларға арналған шеберлік сағаты ұйымдастырылады. Оған ЮНИСЕФ еріктілері қолдау білдірді.
Аутизм – баланың психологиялық дамуының ерекшелігі. Мұндай балаларға қарым-қатынас орнату, эмоциясын білдіру және қоршаған ортамен байланыс жасау кей сәттерде қиындық туғызуы мүмкін.
Гаухар Амантаева, «Асыл Мирас» аутизмі бар балаларды қолдау орталығының дефектологы:
Жалпы, «Асыл Мирас» аутизм орталықтары Қазақстанның 13 қаласында жұмыс істейді. Бүгін барлық орталықтарда түрлі іс-шаралар ұйымдастырылып жатыр. Соның бірі – ашық есік күні. Біз барынша осыны қоғамға, ортаға осындай мәселе бар екенін, қалай жұмыс жасау керек екенін түсіндіреміз осы күні.
Бұдан бөлек, мұнда келген студенттерге орталықтағы кабинеттер таныстырылып, әр маманның жұмысы жеке-жеке түсіндірілді. Болашақ дефектологтар үшін осындай азды-көпті ілім жинау болашақта үлкен тәжірибе береді.
Ардақ Күбентаева, Облыстық әдістемелік орталық директорының орынбасары:
ШҚО да аутизм спектрі бұзылысы бар 388 бала тіркелген. Оның барлығы мектеп жасына дейінгі. «Асыл Мирас» орталығында қазіргі уақытта 80-нен астам бала тіркелген. Қолдау, қызмет алады.
Өңірдің 13 ауданында психологиялық-педагогикалық түзету кабинеттері жұмыс істейді. Ал, Алтай қаласында мұндай кабинет биыл ашылады деп жоспарланған. Бұл орталықтарда ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларға кешенді көмек көрсетіледі. Ең бастысы – барлық қызмет түрі тегін ұсынылады.
Фатима Тілейханқызы