Шемонаихада жылумен қамту жүйесіндегі өзекті мәселе кезең-кезеңімен шешімін табуда. Қазандықтың шалғайда орналасуы мен тұтынушылар санының артуына байланысты соңғы кезде жылу кей үйлерге толық көлемде жетпейді. Аталған, мәселені реттеу мақсатында ауданда сорғы станциясының құрылысы жүріп жатыр. Жоба облыстық бюджет есебінен қаржыландырылып, 400 млн. теңгені құраған.

Нысанның құрылысы өткен жылы басталды. Бүгінде барлық қажетті жабдықтар қоймаға жеткізілді. Қазіргі уақытта ғимаратта жұмыс қызу. Алда мамандар сорғыларды орнатуға кіріседі.

Дидар Кеңесбаев, Шемонаиха ауданының әкімі:

Аймақ басшысының қолдауымен бұл жобаны биыл аяқтауды көздеп отырмыз. Құрылыс жұмыстары екінші жыл қатарынан жүргізілуде. Нысанды толық аяқтауға қажетті бюджет бекітілді. Жақын арада құрылысты тәмәмдаймыз. Жалпы бізде жылу қуаттылығы бойынша мәселе жоқ. Алайда гидравликалық жүйеге қатысты қиындықтар бар. Яғни, өндірілген жылуды соңғы тұтынушыларға толық жеткізу қажет.Гидравлика мәселесі шешілгеннен кейін, еш кедергісіз техникалық шарттар беруге мүмкіндік аламыз. Бұл өз кезегінде тек тұрғын үй құрылысы ғана емес, сонымен қатар шағын және орта бизнес нысандарын дамытуға да жол ашады.

Құрылыс жұмыстарын жаз мезгілінің ортасында аяқтау көзделген. Бұдан кейін, сынақ жұмыстары жүргізіліп, жылыту маусымына жаңартылған жүйемен қосылу көзделуде.

Ельдар Темірбеков, Шемонаиха ауданының сәулет, құрылыс, ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының орынбасары:

Бұл жоба гидравликалық қысымның төмендігіне байланысты жүзеге асырылуда. Өйткені Шемонаиха қаласын жылумен қамту қызметтері жеткіліксіз. Құрылыс жұмыстары шілде айында аяқталады деп күтілуде. Нысан аумағы ауқымды.

Жоба ауданның инженерлік инфрақұрылымын дамытуда маңызды қадам. Жылумен қамтамасыз ету мәселесін шешуде сеп.

Гүлдана Айдарқызы