Өскеменде Облыстық Жастар ресурстық орталығының мамандары мен «Қоғамның экологиялық даму орталығы» қоғамдық бірлестігі жоғары оқу орны студенттерімен кездесті. Шара «Таза Қазақстан» республикалық акциясы аясында ұйымдастырылып, қоршаған ортаны қорғауға бейжай қарамайтын жастардың басын қосты.
Ағартушылық жұмыстар күз бен қыс айларында қарқынды жүргізіледі. Бұл жолғы басқосу дәстүрлі форматтан өзгеше өтті. Студенттер өз ойларын ашық айтып, әсіресе қала экологиясына қатысты өзекті мәселелерді ортаға салды. Жастар экологиялық ахуалды жақсартудың тың тәсілдерін ұсынып, күнделікті өмірде қалыптастыруға болатын экологиялық әдеттерді талқылады.
Адина Тоқбаева, ЖОО студенті:
«Таза Қазақстан» дегеніміз ол біздің экологиямыз, айналамыздағы қоршаған ортамыздың тазалығы. Ең бастысы ол өзімізден басталады. Яғни біз өзіміз, кішілерге әрқашан да тазалықты ұстануға дәріптеуіміз қажет, және де сол арқылы ортамыз таза болады. Мектептен бастап, тіпті балабақшадан барлығын үйретеді деп ойлаймын. Бұл менің ойымша дұрыс. Өйткені әр адам өзінің отбасы мәңгілік болуы үшін, оны таза сақтау және де оның салдарын түсінуі қажет деп санаймын.
Кездесуде «Қоғамның экологиялық даму орталығы» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Ясса Танир экологиялық мәдениетті қалыптастырудың маңызын атап өтті. Оның айтуынша, табиғатты қорғау – тек мемлекеттік деңгейдегі міндет емес, әр азаматтың ортақ жауапкершілігі.
Ясса Танир, «Қоғамның экологиялық даму орталығы» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі:
Студенттердің экология туралы ойларын тыңдап, олардың қоршаған ортаға деген махаббатын арттыруға тырысамыз. Экологиялық мәдениетті қалыптастыру қашан да өзекті. Жастар - елдің болашағы. Сондықтан, Таза Қазақстанды қалыптастыру тікелей солардың қолында. Қоршаған орта мен адам ажырамас егіз ұғым. Ол ластанса, кері әсері адам денсаулығына әсер етеді. Аз-аздан болса да маңайымыздан бастасақ тазалықты қандай да бір үлесімізді қосуға болады.
Жиында тұрмыстық қалдықтарды сұрыптау, табиғатқа жауапкершілікпен қарау және экологиялық дағдыларды күнделікті өмірге енгізу мәселелері кеңінен қозғалды. Ұйымдастырушылар жастарды сенбіліктерге қатысып, ағаш отырғызу сияқты игі бастамаларға белсенді атсалысуға шақырды.
Марғұлан Тәрбиеханов, Облыстық жастар ресурстық орталығының маманы:
Шарадан кейін олар өздеріне біраз бір нәрсе біліп шығады деген ниеттемін. Оларды біз тазалықты сақтауға, табиғатты қорғауға, көктем мезгілінде ағаш отырғызуға сенбіліктерге шығуға шақырамыз.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай кездесулер жасөспірімдер арасында экологиялық жауапкершілікті арттырып, қоршаған ортаға ұқыпты қарау мәдениетін қалыптастыруға ықпал етеді. Ал «Таза Қазақстан» акциясы аясындағы бастамалар алдағы уақытта да жалғасын таппақ.
Қымбат Иманғали