Шығыс Қазақстан облысының Достық үйі – Қоғамдық келісім орталығында «Біз – жаңа халықтық Конституция үшін» атты республикалық жастар форумы өтті. Бұдан бөлек, «Көшбасшылар мектебі» жастар жобасы басталды.

Шараға қатысушылар жаңа Конституция жобасының маңыздылығына тоқталды. Талқылау барысында «Ассамблея жастары» республикалық қоғамдық бірлестігі өкілдері, этномәдени бірлестіктер мен студенттер сөз сөйледі.

Өңір басшысы Нұрымбет Сақтағанов өз сөзінде тұжырымдамалық өзгерістер мемлекеттің ең алдымен адамның мүддесін қорғау қағидаттарына негізделгенін, Қазақстан халқының өзекті құндылықтары, саяси институттар құрылымының тиімділігін арттыруға бағытталғанын айтты.

Нұрымбет Сақтағанов, Шығыс Қазақстан облысының әкімі:

Бұл жерде тың идеялар туындап, жас буынның азаматтық ұстанымын қалыптасып, ел дамуына бағытталған нақты ұсыныстар қалыптасады деп сенемін. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев атап өткендей, еліміздің келешегі өздеріңіздей ойы ұшқыр, білімі терең, көзқарасы заманауи жастардың қолында. Сіздер Тәуелсіз Қазақстанның дамуына қомақты үлес қосып келесіздер.

 «Ассамблея жастары» республикалық қоғамдық бірлестігі төрағасы Тимур Жұмырбаев жаңа Конституция жобасы қоғамның түпкілікті мүдделерінің көрінісі екенін айтты. Сонымен қатар, ол Қазақстанның Халық кеңесі – жоғары консультативтік органның құрылуы жастар үшін үлкен мүмкіндіктерге жол ашатынына тоқталды.

Тимур Жұмырбаев, «Ассамблея жастары» РҚБ төрағасы:

Бүгінгі жастар жаңа Конституция жобасында ұсынылған жаңашыл нормалар мен өзгерістердің өздеріне қандай мүмкіндіктер ашатынын да айқын аңғарады. Аталған жоба аясында біз жастардың пікірін тыңдаймыз, олар өз ойларымен бөліседі. Бұл, ең алдымен, Конституция нормаларының елдің тұрақтылығы мен болашақ ұрпақтың табысты дамуына бағытталуымен байланысты деп ойлаймын.

Жиында жаңа Конституция жобасы цифрлық ортада азаматтардың құқықтарын қорғау туралы норманың алғаш рет енгізіліп отырғандығы айтылды. Енді дербес деректерді, желідегі цифрлық активтерді қорғау конституциялық нормаға айналады.

Аяулым Усинова