Өскеменде спорт ардагері, жоғары санатты жаттықтырушы Григорий Иванович Бердус жүлдесіне арналған дзюдодан республикалық турнир өз мәресіне жетті. Екі күнге созылған дүбірлі додаға еліміздің түкпір-түкпірінен екі жүзден астам спортшы жиналып, боз кілемде бақ сынады.
2009–2010 жылдары туған жасөспірімдер арасындағы доданың ауқымы биыл кең болды. Турнирге Астана мен Алматы қалаларынан, Ақмола және Павлодар облыстарынан келген балуандар қатысты. Сонымен қатар, Шығыс Қазақстан және Абай облыстарының намысын Семей, Риддер қалалары мен Зайсан, Шемонаиха, Тарбағатай, Ұлан, Катонқарағай, Глубокое, Күршім, Самар және Алтай аудандарының құрамалары қорғады.
Нұрымбет Сақтағанов, Шығыс Қазақстан облысының әкімі:
Дзюдо күресі – әлемдегі спорттың ең үлкен, жоғарыда тұрған түрі деп айта аламыз. Бұл тәртіп пен төзімділіктің мектебі. Бұл жарыс спортшыларды болашақта жаңа жеңістерге ынталандырады.
Турнирдің өтуіне себепкер болған жаттықтырушы Григорий Бердус – талай шәкіртті осы спорт түрімен баулып ғана қоймай, республика көлемінде самбо мен қазақша күрестің дамуына елеулі үлес қосты.
Бақытбек Дуанов, ҚР Еңбек сіңірген жаттықтырушысы:
Бердус атындағы турнир осымен тоғызыншы рет өтіп отыр. Оның алдында алты рет ашық облыстық турнир болды. Қазір республикалық календарда тұрған жарыс. Бірінші, үшінші орын алған палуандар «спорт шеберіне үміткер» деген атақ алады.
Тартысты белдесулер барысында жас спортшылар өз шеберліктерін, төзімділігі мен жеңіске деген жігерін көрсетті. Әсіресе, өңір балуандары жоғары дайындық деңгейін дәлелдеп, бірнеше салмақ дәрежесінде жоғары жүлделерге ие болды.
Мейірлан Баймаханбетов, ҚР Дзюдодан жастар құрамасының аға жаттықтырушысы:
Балаларға үлкен тәжірибе алмасып бір-бірімен, дайындықтарны шыңдап, үлкен әлемдік додалар, оның ішінде Азия, Қазақстан чемпионаттарына осы жерден шынығып, тәжірибе алатын болады. Өңірге келетін болсақ, өңірдегі дзюдо күресі соңғы екі жылдықта өте жақсы өсті. Былтыр аз медаль болса, биыл чемпиондар қосылды оның жанына.
Турнир ардақты жаттықтырушыны еске алумен қатар, жас балуандар үшін үлкен тәжірибе мектебіне айналды. Мұндай жарыстар өскелең ұрпақтың спортқа деген қызығушылығын арттырып, болашақ чемпиондардың қалыптасуына жол ашады.
Фатима Тілейханқызы